Қызылордадағы вирусологиялық зертхана заманауи жабдықтармен толықты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысының вирусологиялық зертханасы заманауи жабдықтармен толықты.
Атап айтқанда, ПТР әдісімен зерттеулер жүргізуге 2020 жылы шыққан Сингапурлық QuantStudio 3 амплификаторы сатып алынды. Бұл құрылғы арқылы 384 зерттеуді бір уақытта орындауға болады, яғни бір тәулікте 1 100 зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, тағы бір жабдық - COVID-19 диагностикасына арналған КАМАЗ автокөлік базасындағы мобильді зертханалық кешен. Бұл жылжымалы зертханалық комплекс кез келген жерде аса қауіпті инфекцияларға зертханалық талдаудың толық спектрін орындауға, дербес және инфекциялық ауру ошағында медициналық мекеме жанындағы іс-сапарға жіберілген стационарлық зертхана ретінде жұмыс істей алады.
Бұдан бөлек, отандық 2-кластық екі биологиялық бокс сатып алынды. Бұл құрылғы ауа тамшылары арқылы жұғатын патогенді агенттермен, микроағзалармен жұмыс жасау барысында сынамаларды, мамандарды және қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік береді.
Швейцариялық TEKAN компаниясының автоматтық станциясы іске қосылды. Бұл жабдық 96 анализден нуклеин қышқылын 2 сағатта анықтауға мүмкіндік береді. Бұған дейін аталған процедура қолмен жасалғанда 6 сағаттай уақытты қажет ететін.
Жаңа құрылғылар зертханалық тексерулердің қуаттылығын арттырып, сапасын жақсартады, мамандарға да жүктеме азайтады. Әсіресе, COVID-19 пандемиясына қарсы күрес шеңберінде өте маңызды.