Қызылордада жоғалып кеткен жасөспірім қыздың денесі табылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылордада екі күннен бері хабарсыз кеткен жасөспірім қыз өлі күйінде табылды.
Бүгін, 20 маусымда жергілікті уақыт сағат 13:30 шамасында полиция қызметкерлері Тұңғыш президент паркінің жанындағы Шіркейлі каналының бойынан жасөспірім қыздың денесін тапты. Ол үйінен шамамен 2 шақырым қашықта орналасқан. Бұған байланысты қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Денесінде зорлық-зомбылық белгілері байқалмайды. Осы оқиға бойынша тергеу әрекеттері басталды. Тергеу әрекеті облыстық Полиция департаменті бастығының қатаң бақылауында, - деп хабарлады Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.
Еске салсақ, жасөспірім 18 маусымда сағат 12:30 шамасында белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Іздестіру жұмыстарына қалалық Полиция басқармасының 300-ге тарта қызметкері, Төтенше жағдайлар департаменті мамандары, еріктілер тобы және жергілікті тұрғындар атсалысты.