Қызылордада суға түсудің ережесін сақтамағандар жазаланып жатыр

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілші. Қызылорда облысында маусым айының алғашқы күнінен бастап суға түсу маусымы ашылды. Содан бері жағажайлардағы тәртіпке бағынбаған 20 азамат жауапкершілікке тартылды.

Қызылорда облысында жағажайларды жарақтандыру, құтқару бекеттерін қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, орны толмас қайғы мен келеңсіз оқиғалардың алдын алу жұмыстары атқарылып жатыр. Алайда, тыйым салынған жерлерге суға түсетін адамдар да бар. Соның кесірінен Сыр өңіріндегі су айдындарында жыл басынан бері 17 жағдай тіркеліп, 20 адам суға кеткен. Өкінішке қарай, оның 14-і бала.

Қазіргі таңда облысымыздағы су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жазғы суға шомылу маусымы кезеңіндегі қауіпсіздік шараларын ұйымдастырылып жатыр. Осы ретте департамент қызметкерлері мен құтқару бөлімшелерінің құтқарушылары су айдындарында, балық аулайтын орындарда 451 рейд өткізіп, 4897 адамға (473 бала) судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, үнпарақтар таратылуда, - дейді ТЖД бастығының орынбасары полковник Саид Молдақараев.

Суға түсу маусымы ашылғаннан бастап облыс аумағында суға шомылуға рұқсат етілген 2 жағажай жұмыс істеп жатыр. Олар: Қызылорда қаласындағы «Сыр-самалы» және Белкөл кентінде орналасқан «Абай» жағажайы. Қазіргі таңда Эдельвейс саяжайының тұсында коммуналдық жағажайдың құрылысы жүріп жатыр. Бұл жағажайдың ашылуы маусым айының ішіне жоспарланып отыр.

Жалпы арнайы мамандардың нұсқаулығын, қауіпсіздік шараларын бұзушыларға әкімшілік жаза қарастырылған. Биылғы маусым ашылғалы бері жағажайлардағы тәртіпке бағынбаған 20 азамат жауапкершілікке тартылды. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы. Өзен немесе каналдардың кез-келген, әрі зерттелмеген жерлеріне суға түспей керек. Спирттік ішімдік ішіп суға түсу де өмірге қауіпті. Балалардың ересектердің бақылаусыз су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда, - деді Саид Шазындаұлы.

 



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы