Қызылордада қылмыстық топтың басшысы ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылордада 2 мың 479 түп қарасора өсімдігін өсіріп, баптаған қылмыстық топ қолға түсті, деп жазды aikyn.kz.
1 маусым мен 30 қазан аралығында ел аумағындағы өтіп жатқан «Қарасора – 2021» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Қызылорда облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Арал ауданындағы Жеңішкеқұм ауылынан 100 шақырым жердегі есірткі алқабын анықтаған. Сақшылар ҚР Ұлттық Ұланының 5547 әскери бөлімінің жасағымен бірлесіп, МИ-8 үлгісіндегі тікұшақпен далалық аумақтарды барлау кезінде есірткі алқабын байқаған.
Жедел іс-шаралар жүргізу барысында алқап басынан 35 және 58 жастағы тұрғындар ұсталған. Күдіктілер есірткі өсіріп, баптағаны үшін қылмыс үстінде айғақты заттарымен ұсталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.
Тергеп-тексеру нәтижесінде қылмыстық топ мүшелерін азық-түлікпен және қаржылай көмекпен қамтамасыз еткен Қызылорда қаласының 39 және 42 жастағы тұрғындары да қолға түсті. Олардың осы қылмыстық топқа жетекшілік еткендігі дәлелденіп, уақытша ұстау абақтысына қамалды.