Қызылордада күрішті көшеттеп егу тәсілі қолданылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда қаласында күріш егу науқаны басталды. Бүгін қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылдық округі «Ы. Жахаев атындағы Қазақ Күріш ғылыми зерттеу-институты» ЖШС-нің егіс алқабында Сыр салысының алғашқы дәндері себіліп, диқандар қызу жұмысқа кірісті.
Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіні хабарлағандай, аталған шараға ауыл ақсақалдары мен қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов қатысып, шаруаларды егін науқанының басталуымен құттықтады.
Биыл су лимитін болжай отырып, егін егуді жоспарға сай бастадық. Техникалар 100 пайыз талапқа сай, көктемгі дала жұмыстарына қатысуда. Дизель отынынан да ешқандай тапшылық жоқ. Енді тек диқандарымыздың еңбегі еселеніп, мол өнім жинауға күш салуымыз керек, - деді қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов.
Сыр маржанын сепкен соң еңбек ардагері Жұтшыбай Аязбаев бата беріп, егіннің мол өнім беруін тіледі.
Биыл қала дихандары жалпы аумағы 8 мың 750 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруды межелесе, оның ішінде 3 мың 835 гектарға басты дақыл күріш егіледі. Диқандар сонымен қатар 419 гектарға бидай, қант құмайын 40, арпаны 10, сұлыны 5, мақсарыны 40 гектарға аумаққа ексе, мал азықтық дақылдарды 1618 гектарға, көкөніс, бақша дақылдарын 2783 гектарға орналастыруды жоспарлауда.
Сондай-ақ Сыр шаруалары биыл күрішті көшеттеп егуді де жүзеге асырмақ. Биыл осы тәсілмен күріштің үш түрі 300 гектар аумаққа отырғызылмақ.
Ы. Жахаев атындағы Қазақ Күріш ғылыми зерттеу-институтының басшысы Нұрбол Аппазовтың айтуынша, жаңа тәсіл арқылы күріштің өнімділі артып, экономикалық және экологиялық тұрғыдан да тиімді болмақ.
Сырдағы судың тапшылығы сезіліп тұрғанда, күрішті көшеттеу тіршілік көзін үнемдеудің бір жолы, - дейді «ҚызылордаСушар» өндірістік учаскесінің директоры Жорабек Нұрымбетов.Айта кетейік, осы жылы қаладағы ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қолында көктемгі дала жұмыстарына қатысатын 80 трактор, 21 тіркеме құралдар, 21 соқа, 9 дән сепкіш және 5 жүк көлігі бар. Биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге дизель отынына қажеттілік 514 тоннаны құрап отыр. Қала бойынша «РК-Мұнай» және «Нефть-Транс Қызылорда» тасымалдаушы операторлары бекітіліп, қазір 250 тонна арзандатылған дизель отыны сатып алынды.
Сондай-ақ үстіміздегі жылы егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемдерін минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз етудің барлық қажеттілгі 3735 тоннаны құраса, оның ішінде 2738 тоннасы азотты тыңайтқыш, 997 тоннасын фосфорлы тыңайтқышты құрайды. Бүгінгі күнге қажетті тыңайтқыштардың 92 пайызы сатып алынған.