Қызылордада қуаңшылық жағдайды қиындатып тұр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Қызылорда өңірінде суға қатысты кейбір қиын жағдайлар орын алуда. Көктем басталғаннан бері жауын-шашынның аздығы, дарияда су мөлшерінің аз болуы және жайылымның қуаңшылығы Арал ауданында мал өлімін жиілетті.
Өңірдегі ахуал туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Аманөткел ауылына қарасты «Лайкөл», «Сарыкөл», «Қамыстыбас» көлдерінің суы жағадан 500 метр шамасында тартылып, жиегі балшыққа айналған. Су ішуге барған төрт түлік ұйыққа батып, көл жағасында өлген малдың өлекселері көбейген. Жердің қуаңшылығы мен жаңбырдың жаумағаны жайылым көлемдерін азайтқан. Көл суларының сарғайып, ластануынан жағымсыз иіс төрт түліктің су ішуіне қиындық туғызған. Расында, Сырдария өзеніне судың аз түсуі ауылшаруашылығы саласына айтарлықтай қиындық келтіруде. Осы мәселені шешу мақсатында тиісті шараларды қолға алдық. Аманөткел ауылдық округі әкімінің аппараты ауылдық елді мекендегі ерікті жастардан арнайы топ құрып, олар үй жануарларының суға батып кетпеуін қадағалап, тұрақты кезекшілік ұйымдастырды. Қазіргі таңда Арал ауданының әкімдігі тарапынан аймақта орын алған қуаңшылыққа қатысты төтенше жағдайлар жариялаудың заңдылықтары туралы мәселелер қаралып отыр, – деп жазды облыс әкімі.Өңір басшысының айтуынша, бүгінгі күні, өлім-жітімнің орын алуы тоқтаған, эпизоотиялық ахуал тұрақты.
Арал ауданының мал шаруашылығын қиын жағдайда қалдырмау мақсатында Ақтөбе, Қостанай облыстарымен және облыстағы жеке шаруа қожалықтарымен (Жалағаш, Қармақшы аудандары) қысқа мал азығын дайындау мақсатында келіссөздер жүргізіп, жем-шөптің алғашқы легі жеткізілуде.
ҚР Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаровпен мал азығына қатысты сөйлесіп жатырмыз. «Қыс азығын жаз жина» демей ме даналарымыз. Табиғатқа сеніп қалуға да бола бермейді. Кейінгі кездері төрт мезгілдің түрленіп, қыс ұзаққа созылып, көктем шыға қоймайтын кездерге де душар болып қаламыз. Сондықтан, көктем келгенде көк шөптің бірден шыға қоймайтынын ескеріп, қылышын сүйретіп келетін қыстан қысылып қалмаудың қамын жазда ойлап, шаруа қожалықтарымен бірге осы мәселені шешіп алуды қарастырамыз. Күні кеше ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Душанбе қаласында Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрі Д. Джумамен кездесіп, «Бахри Точик» су қоймасынан биылғы маусым-тамыз аралығында 315 млн м3 суды қосымша ағызу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл көлем Түркістан және Қызылорда облыстарында вегетациялық кезеңде суармалы су тапшылығын төмендетуге мүмкіндік береді», – деп жазды Гүлшара Әбдіқалықова.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Әлемде аллергиясы бар адамдар көбейді
Өзгелердің жаңалығы