Қызылордада бір айда 145 бала коронавирус жұқтырып алған
Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілші. Қызылорда облысында коронавирус жұқтырған балалар саны көбейіп барады. Осы айда 145 бала вирус жұқтырып, 51 науқас амбулаторлық, 49 бала стационарлық бақылауға алынды. Балалар індетті вакцина алмаған ата-аналардан жұқтыруы мүмкін.
Жағдайға байланысты тиісті мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. 14 аурухана 585 төсек-орынмен қамтылды. Айдың аяғына таман 1970 орынға көбейіп отыр.
Ахуал күрделі. Біз қолымыздан келгенімізше өзімізге артылған міндетті жоғары дәрежеде орындап жатырмыз. Бірақ ата-аналардың салғырттығы мен бала денсаулығына бейжай қарағанынан індет балалар арасында көптеп кездесуде. Олар вакцина салмай, санитарлық талаптарды сақтамай, балаға қауіп төндіріп жатыр. Бір айда ғана 145 бала коронавирус жұқтырып алған. Сондықтан өзіміз үшін, жақындарымыз үшін тиісті нормаларды сақтайық, - дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов.
Оның айтуынша, бүгінгі күні 138 жылжымалы мобильдік топ 5235 пациентке медициналық көмек көрсеткен. Екпенің 1 компонентін 216 564 адам, 2 компонентті 142 944 азамат қабылдаған.
Ақ халаттылар пандемия басталғалы COVID-19 инфекциясымен күресте алдыңғы қатарда болды. Дәрігерлер, орта және кіші буын қызметкерлері өздеріне артылған міндетті жоғары жауапкершілікпен орындауда. Өткен жылы көптеген қайғылы оқиғамен бетпе-бет келгенімізді жақсы білесіздер. Пандемия кезінде біз қаншама жақындарымызды жоғалттық. Биыл мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек. Өткен жылы вирустың бұл түрімен ересектер ғана ауырған қазіргі уақытта коронавирус эпидемиясы балалар арасында орын алуда. Балаларға вакцина алмаған ата-аналардан жұғады. Сондықтан ауруды жеңудің жалғыз жолы - вакцинация екенін еске салғым келеді, - дейді Қызылорда қаласындағы №6 емхана бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова.