Қызылордада 70 жазасын өтеушіге диплом табысталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЗК-169/5 мекемесінде карантиндік сақтық шараларын сақтай отырып техникалық білім туралы диплом табыстау рәсімі өтіп, 70 сотталған С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжін, Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжін және М. Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық кәсіптік колледжін бітіргендігі жайлы дипломдар алды. Оның ішінде 20 сотталғанға ағаш ұстасы, 22-сіне дәнекерлеуші, 23-іне тігінші біліктіліктері берілді.
Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәселен, түзеу мекемесінде жазасын өтеуші Я. есімді азамат адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 96-бабы 2-бөлігі, 179-бабы 3-бөлігімен сотты болған. Алайда жасаған іс-әрекетіне өкініп, босап шыққаннан кейін қоғамға өз пайдасын тигізетін тұлға болып қалыптасуды мақсат етеді. Осы мақсатта М.Ықсанов атындағы политехникалық колледжінде білім алып, газбен және электрмен дәнекерлеуші біліктілігін алып шықты.
Мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры Ж.Есмахановтың айтуынша, барлық диплом алған сотталған жұмыспен қамтылуда. Қазіргі таңда ЗК-169/5 мекемесінде тігін цехі жұмыс істейді және түрлі металл өнімдерін, кірпіш, пескоблок, газоблок өндіретін желі іске қосылған. Алдағы оқу жылында осы мамандықтармен қоса «бояушы-сылақшы», «автомашина жөндеуші» мамандықтарын оқыту да қарастырылуда.
Сондай-ақ колледж ұжымы мен мекеме әкімшілігінің бірлескен жұмысы – сотталғандарды қайта әлеуметтендіру, босатылғаннан кейінгі күнделікті өмір жағдайына бейімдеу үшін маңызды екенін атап өткен жөн.