Қызылордада 12 қабатты тұрғын үйлер салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылордада жаңадан бой кө­теріп жатқан көпқабатты тұрғын үй­лер­дің дені 5 қабаттан әрі аспайтын. Енді  қаланың сол жағалауынан 12 қабатты зәулім баспаналардың құрылысы басталмақ, деп хабарлайды aikyn.kz.

Сырдария өзенінің сол жағалауын да­мыту жобасы 2017 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Осыған дейін жеке инвесторлардың қаражаты мен мемлекет бюджеті есебінен 53 көпқабатты тұрғын үй, бірқатар әлеуметтік нысан, көше-жол торабы, сыртқы және ішкі инженерлік инфра­құрылымдар, екі көпірдің құрылы­сы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Ал алдағы кезеңде бірқатар әлеуметтік ны­сан мен 9-12 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыстарын жүргізу көзделіп отыр.

Қызылорда облысының әкімі Гүл­шара Әбдіқалықова жедел штаб оты­ры­сында Сырдария өзенінің сол жаға­лауын дамыту мәселелерін қарады. Ай­мақ бас­шысы перспективалық жобаның маңыз­дылығын ескере келе осы кезге дейін сол жағалауда іске асқан жұмыс­тарды саралап, алдағы кезеңде атқарылуға тиіс міндет­терді айқындап берді.

Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқар­масының басшысы Бердияр Пірімбетов биыл республикалық бюджет есебінен 590 пәтерді құрайтын 12 арендалық тұрғын үй пайдалануға беру көзделгенін айтты.

Бұл үшін тұрғын үйлер мен ин­женерлік желілерге және абаттандыру жұмыстарына қаржы толығымен қарал­ған. Бұдан бөлек, алдағы уақытта 9 және 12 қабатты тұрғын үйлердің құрылысын салу жоспарда бар. Алдағы жылы сол жағалаудан көгалдағы хоккей, физика-математикалық бағыттағы жаңа мектеп, көпсалалы аурухана, облыстық қан орта­лығы, әкімшілік ғимараттар салынбақ. Сонымен бірге салтанат сарайы мен әлеуметтік базардың құрылысын салу көзделіп отыр, – деді сала басшысы.

Сол жағалаудан бой көтеретін жаңа «Гүл бульварлары» жобасы да қала көр­кіне сән қосады. Мұнда әртүрлі сәулет фигурасы, жасыл желектер мен гүл ком­позицияларын отырғызу, балалар және ойын алаңдары, субұрқақтар мен су айдындары қамтылады.

Штаб отырысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сол жағалаудағы әрбір нысанның құрылысы, инженерлік-инфрақұрылымы, абаттан­дырылуы облыстық штабпен жан-жақты талқыланып, келісілуі қажетін баса айт­ты. Сондай-ақ Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаевқа «Гүл буль­вары» құрылысының жоба-сметалық құжаттамаларын жыл соңына дейін әзір­леп, құрылысын бастауды қамтамасыз етуді тапсырды. Ал  облыстық құрылыс, сәу­лет және қала құрылысы басқарма­сының басшысы Бердияр Пірімбетовке құрылыс нысандарына мониторинг жүр­гі­зіп, бақылауға алып, тоқсанына бір рет баяндауды жүктеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы