Қызылордада 1150 тұрғын Ashyq тәртібін бұзған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Індет белгісі байқалғалы бері облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 19 170 жағдай тіркеліпті.
Мысалы, 16 қараша күні облыста коронавирус инфекциясын 7 тұрғын жұқтырғаны тіркеліп отыр. Оның алтауы екпе салдырмағандар. Ауырғандардың көбі вирус жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болғандар арасынан шығып отыр.
Осы күні облыс «жасыл аймақта» тұр. Бірақ мамандар тұрғындардың осыған малданып, қауіпсіздік шараларын ұмытып кетпеуі керектігін жиі айтады. Індеттің таралуының алдын алу үшін карантин талаптарының сақталуына мониторинг жүргізу толастаған емес. Жыл басынан бері 15 826 нысанға рейд жасалды. Оның барысында карантин талаптарын бұзудың 802 дерегі анықталып, 52 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.
Облыс көлемінде Ashyq жүйесі бойынша оқшаулану тәртібін бұзған 1 150 азамат анықталды. Олардың 741-і «қызыл», 409-ы «сары» статуста болған. Жан-жағына індет жұқтыратынын біле тұра, карантин талабын сақтамаған «қызыл» статустағылардың 246-сына әкімшілік хаттама толтырылып, олар 10 млн теңгеден астам айыппұл арқалады, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Вакциналау көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы республикада төртінші орында тұр. Аймаққа «Комирнати» вакцинасының 23 400 дозасы келді, алда оны 97 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Алғашқы лекте бұл вакцина 72 адамға егілді.