Қызылорда университеті мен ЮНИСЕФ бірлесіп жобалар іске асырмақ

Қызылорда қаласы, BAQ.KZ тілшісі. ЮНИСЕФ «Еріктілер» бағдарламасы аясында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда  университетімен жұмыс істемек. 

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен  Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Каримовамен кездесті. Басқосуда Артур ван Дизенге 85 жылдық тарихы бар университеттің тыныс-тіршілігі, алға қойған мақсат-міндеттері туралы таныстырылды. 

ЮНИСЕФ ұйымы 75 жылдан бері әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істейді. Ұйымның 190 елінде өкілдігі бар. 6 млрд доллар қаржысы бар ұйым Қазақстандағы балалардың өмірін жақсарту мақсатында әр өңірді аралап, зерттеу жүргізуде. Артур Ван Дизен әлеуметтік саясат саласында, қолданбалы әлеуметтік зерттеулерде, мониторинг пен бағалауда және бағдарламаларды басқаруда 25 жылдан астам тәжірибесі бар. Іскерлік кездесу көптеген жобаның жүзеге асуына себепші болды. Алдағы уақытта ЮНИСЕФ ұйымымен бірлесе отырып бірнеше жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, - дейді университет ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

ЮНИСЕФ үшін инновация, жас адамдардың дағдыларын дамыту мен гендерлік теңдікті ілгерілету аса маңызды. Осы орайда UniSat наноспутниктерін әзірлеу бойынша қыздарға арналған білім беру бағдарламасына университеттің ғылым, технология, математика, инженерия бағыттарында білім алатын студенттерді қатыстыру жоспарлануда. Сонымен қатар өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу бағытында да бірқатар жоба талқыланды.

Біз экология, қоршаған орта және оның балаға әсері туралы әңгімелестік. БҰҰ-ның «Еріктілер» атты бағдарламасы жүйелі жұмыс істеп, өз нәтижесін беруде. ЮНИСЕФ Қазақстанда 9 000-нан аса волонтермен жұмыс істейді. 2020 жылы Қазақстандағы балалар мен қауымдастықтарды қолдау үшін волонтерлар ретінде жастарды тарту бойынша өзінің алғашқы бағдарламасын бастады. Алдағы уақытта Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенттерін бағдарламаға қосуға ұсыныс айттым. Университет мұражайын аралап, қосымша мәлімет алдым. Қызылорданың Астана болғанын, Арал теңізінің ғасырлар бойы өзгеріске ұшырай отырып, сақталу бағытындағы тарихи деректермен таныстым. Білім-ғылым саласы өзіме жақын болғандықтан университет тарихымен танысу мен үшін маңызды болды, - дейді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы