Қызылорда облысында екі ауданның әкімі ауысты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі және Қармақшы аудандық мәслихатының келісімімен Қармақшы ауданы мен Шиелі ауданының әкімдері ауысты.
Қармақшы ауданы әкімі лауазымына Нұртай Қайрат Ырзақұлұлы тағайындалды.
Нұртай Қайрат 1982 жылы Қармақшы ауданы Жосалы кентінде туған. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетін инженер-механик, Дінмұхамед Қонаев атындағы университетін заңгер мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2004 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жетекші маманы болып бастап, 2005-2006 жылдары Энергетика және минералды ресурстар министрлігінде жауапты қызмет атқарған; 2006-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің аға, бас сарапшысы, консультанты, сектор меңгерушісі; 2014-2015 жылдары Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2015-2018 жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары.
2018 жылдан бастап 2019 жылдың желтоқсан айына дейін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметттерін атқарған.
Ал Шиелі ауданының әкімі лауазымына Мақұлбеков Нариман Әскербекұлы тағайындалды.
Мақұлбеков Нариман 1968 жылы Қызылорда қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1986 жылы Қызылорда қаласындағы автобазада слесарь ретінде бастаған.
1987-1994 жылдары Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеп, жоғары оқу орнында студент болған.
1994-2017 жылдары құқық қорғау органдарында, соның ішінде Қызылорда қалалық прокуратурасының тергеуші стажерінен облыс прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның департамент бастығына дейінгі қызмет сатысынан өткен. 2018-2020 жеке секторда «Jfc colos» ЖШС директорының кеңесшісі лауазымын атқарған.
2020 жылдан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жаңа әкімдердің қызметіне сәттілік тіледі.