Қызыл кітапқа енген жануарларды аулағандар айыппұл арқалады
Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Адам мен табиғат арасындағы ешнәрсемен өлшенбейтін байланысты жалғап тұратын табиғат жанашырларының жұмысы ерекше.
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Болатжан Ахтанберді айтты. Себебі, табиғат байлығына айналған жан-жануарлар дүниесін, олардың өсімталдылығы, көбеюі табиғат жанашырларына үлкен жауапкершілік артады. Ал ол үшін күн-түн демей жұмыс істейтін, олардың жойылып кетуінің алдын алуды қадағалайтын сала мамандарының орны бөлек. Бұл бағыттағы шаруалармен айналысатын мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметінің жұмысы құрметтеуге тұрарлық.
Қазіргі таңда аталған мекеме табиғи қорықтарда жоспарлы және жоспардан тыс рейдтік іс-шаралар өткізуде. Соның нәтижесі болар, бүгінде бұл топтың жұмысын білмейтін адам кемде-кем. Құрылған жылдан бергі мекеме инспекторлары заң бұзушылармен аяусыз күресіп келеді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысымен мекеме 95 рейд жүргізіп, нәтижесінде 107 әкімшілік хаттамасын толтырған, - деп атап өтті ол.
Ал мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметінің директоры Абай Кенжебектің айтуынша, аталған рейдтік іс-шара кезінде қаруды заңсыз алып жүру фактілері де орын алған. Жүргізілген рейдтер барысында заңбұзушылардан тәркіленіп алынған 54 аңшы мылтығының 49-ының заңсыз иемденгені анықталыпты.
Қарудың барлығы аудандық полиция бөлімшелеріне өткізілді. Сөйтіп 54 азаматқа аң аулау қағидасын бұзғаны үшін хаттама толтырылды. Табиғатқа тигізген залалы үшін оларға 645 мың теңге айыппұл салынып, мемлекет пайдасына өндірілді, – деді ол.
Сондай-ақ мекеме басшысы өткен жылы балық аулауға шектеу қойылған аралықта жүргізген рейдтер барысында да заң бұзушылықтар анықталғанын жеткізді. Атап айтсақ, балық аулау үстінен ұсталған 45 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, мемлекет пайдасына 708 мың теңге қаржы өндірілген.
Талас және Байзақ аудандарында ұйымдастырылған іс-шаралар аясында жедел қызмет инспекторларының Қызыл кітапқа енген бұлдырық құсы мен қарақұйрық аңын атқандарды ұстағанын ерекше атап өткен жөн. Ұсталғандардың бірі құсты атқаны үшін 709 мың теңге айыппұл арқаласа, қарақұйрықпен ұсталған азаматқа қылмыстық іс қозғалып, сот шешімімен 3,3 миллион теңге айыппұл салынып, өндірілді. Бұдан бөлек, Мойынқұм ауданы «Қоңырбай» қыстауының маңында бір азаматтың заңсыз жабайы доңыз атқаны анықталып, оған 694 мың теңге айыппұл салынды, - деп атап өтті Абай Кенжебек.
Қазіргі таңда, қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқан көрінеді.
Жедел қызмет өкілдері жыл басынан бері 42 рейдтік іс-шара өткізген. Мекеме директорының мәліметіне қарағанда, бұл рейдтер кезінде 52 әкімшілік хаттама толтырылып, аңшы қарулары тәркіленіп алынған.
Жедел топ инспекторлары жүргізген іс-шара нәтижесінде 17 аңшы мылтығы тәркіленіп, оның 4 аңшы мылтығын заңсыз алып жүргендігі анықталды. Тәркіленген қарулар жергілікті аудандардағы полиция бөлімшелеріне өткізілді, – деген мекеме басшысы ұсталғандардың ішінде 17 азаматтың аң аулау қағидасын бұзғандығы үшін айыпталғандығын айтты.
Тағы бір өкініштісі, Қызыл кітапқа енген жануарларды аулау оқиғаларының қайта тіркелуі. Жедел қызмет өкілдері қаңтар айында Сарысу ауданында Қызыл кітапқа енген қарақұйрықты атқан азаматты ұстапты. Оған 6 миллион теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар жабайы қабанды атып алған азаматқа 730 мың теңге айыппұл салынып, ісі тергелу үстінде.
Жедел топ өкілдері Т.Рысқұлов, Мойынқұм және Байзақ аудандарында жүргізген рейд кезінде де бірнеше заң бұзушылықтарды анықтаған.
Аталған аудандарда жүргізген рейдтер кезінде Тұрар Рысқұлов ауданы Көгершін елді мекенінің маңайында тау ешкісін атқан азамат ұсталды. Салынған айыппұл көлемі 730 мың теңгені құрады. Ал Мойынқұм ауданында қабан атқан азамат ұсталып, сот шешімімен 38 892 теңге айыппұл беріліп, 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бұдан өзге, 100 сағат қоғамдық жұмыстарға бекітілді, – дейді ол.
Мекеме басшысы заңдық тұрғыдан ұсталған азаматтарға қатаң шара қолданылып жатқандығын тілге тиек етті. Бұдан бөлек, топ қызметкерлері Байзақ ауданына жасаған рейдтік іс-шаралары кезінде 12 жабайы қоян (айыппұлы – 187 мың теңге), 1 қырғауыл (айыппұлы – 7 293 теңге) атқан азаматтарды ұстаған. Ал Мойынқұм ауданына қарасты «Андасай» ерекше қорғалатын аймағында 4 жабайы үйрек атқаны үшін бір азаматқа әкімшілік хаттама толтырылса, тағы бір азамат Ұланбел мемлекеттік орман қоры жерінен 1,2 текше метр сексеуіл ағашын заңсыз кесу фактісімен 14 585 теңге айыппұл арқалаған.