«Қызыл» аймақта 10 өңір бар – Қиясов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Елдегі ағымдағы эпидемиологиялық ахуал» тақырыбында өткен онлайн брифинг барысында Денсаулық сақтау вице-министрі, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Киясов айтты.
Оның сөзінше, әлемде бүгінде коронавирус індетін жұқтырған 141 миллионнан астам адам тіркелген. Тәулігіне 700 мыңнан астам жағдай тіркелуде. 3 миллионнан астам адам қайтыс болған, өлім-жітім көрсеткіші 2,1%-ды құрап отыр. ДДСҰ-ның алты аймағының бесеуінде (Америка, Еуропа, Тынық мұхитының батыс бөлігі, Шығыс Жерорта теңізі, Оңтүстік Шығыс Азия) аурудың өсу тенденциясы байқалады.
21 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасында COVID-19 оң нәтижесімен 294 946 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 52 025 жағдай тіркелді. КВИ-дің оң нәтижесімен ауырған 252 598 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен ауырған 50 839 науқас емделді. Эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес Қазақстан Республикасы 23 күн бойы тәуекелдің жоғары аймағында, яғни «қызыл» аймақта тұр. Сондай-ақ тәуекелі жоғары аймақта («қызыл» аймақта) 10 өңір бар, олар: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Маңғыстау және Қызылорда облыстары, - деді ол.
Бас санитардың мәліметінше, бүгінгі күні «сары» аймақта 4 өңір бар, олар: Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы облыстары. «Жасыл» аймақта 3 аймақ: Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары ғана бар.
Биыл наурыз айының соңынан бастап эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағаны байқалады, алдыңғы аптаға қарағанда апта сайынғы сырқаттанушылық 46%-ға өсті. Наурыз айымен салыстырғанда сәуір айында сырқаттанушылықтың өсуі Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда, барлық өңірлерде байқалады. Бұл ретте ел бойынша сырқаттанушылықтың 58%-ы 3 өңірге – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары мен Алматы облысына тиесілі, - деді ол.
Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, барлық өңірлерде әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысын шектеу өлшемшарттарына сәйкес қосымша шектеу шаралары қабылдануда.
Өңірлер бөлінісінде күнделікті төсек-орындармен қамту мониторингіне сәйкес 21 сәуірдегі жағдай бойынша республика бойынша инфекциялық төсек-орындармен қамтылу 41%-ды (13 746 төсек-орын), реанимациялық төсек-орындармен қамтылу 28% (856 төсек) құрайды. Инфекциялық төсек-орындардың ең көп қамтылуы Батыс Қазақстан және Алматы облыстарда 58% және Алматы қаласында 55% екені байқалады. Реанимациялық төсек-орындардың ең көп қамтылуы Алматы қаласында – 56% және Нұр-Сұлтан қаласында – 58%, - деді Қиясов.