Қызметтік борышын орындау кезінде 802 полиция қызметкері қаза тапқан
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздік жылдары қызметтік борышын орындау кезінде 802 қызметкер қаза тауып, 2650 адам жарақат алды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділда Ораз дәстүрлі брифинг барысында айтты.
Кәсіби мереке күні ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының алдына заманауи, технологиялық, халықтың сеніміне ие жаңа жүйе құру және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға қатысты нақты міндеттер қойғанын айтты.Ішкі істер органдары қызметкерлерінің қайсарлығы мен батылдығын ел басшылығы үнемі жоғары бағалайды. Биыл Мемлекет басшысының жарлықтарымен 27 қызметкер мемлекеттік наградалармен, ішкі істер органдарының 3560 қызметкері ведомстволық наградалармен марапатталды, - деді ол.
Жүргізіліп жатқан жаңғырту шеңберінде полицияның сервистік моделін енгізу қолға алынды, құқық бұзушылықтың алдын алудың жаңа тәсілдері мен құралдары әзірленді. Қызметкерлердің қоғамдық орындарда тұрақты болуының әсерін қамтамасыз ететін "Жұртқа жақын полиция" қағидаты енгізіледі. Ең бастысы-азаматтармен ашық диалог құрылып, жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етуге баса назар аударылды, - деді министр.
Тұрғымбаев бұл ерекше жауапкершілік жүктейтінін айтты.
Бүгінде полиция қылмысқа қарсы тиімді күрес жүргізу, құқықтық тәртіпті нығайту, қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың құқықтарын қорғау үшін барлық қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктерге ие, - деп атап өтті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өзінің әріптестері мен ардагерлеріне арнаған құттықтауында.