Әлеуметтік қызметтер порталын қолданушылар саны артып келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік қызметтер порталының қызметіне 3 ай ішінде 2,2 мыңнан астам мүгедек және 1,7 мыңнан астам қамқоршы пайдаланып, оның жартысынан астамы өз тапсырыстарын сәтті алып үлгерді.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап пилоттық режимде әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды.  Аталмыш сайтта жеке бейімдеуді талап етпейтін техникалық оңалту құралдарына тапсырыс беруге болады. Әзірге  әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі 5 бизнес-процестердің тек 2-і жүзеге асырылды.

2020 жылғы 26 наурыздан бастап мүмкіндігі шектеулі адамдар үйден шықпай-ақ тек SMS арқылы протездік-ортопедиялық көмекті, гигиеналық құрал-жабдықтар, тифло техникалық құралдар және сурдо-техникалық құралдарды алуға құжаттарды ресімдей алады.

Қазіргі уақытта Әлеуметтік қызметтер порталына 2 215 мүгедек және "қамқоршы" мәртебесі бар 1 763 адам жүгінген.

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс берген 1 718 азамат өз құралдарына қол жеткізді.

Порталда 2020 жылдың ІІІ-ші тоқсанының соңына дейін пилоттық режимде жеке көмекшілердің (жүріп-тұруы қиын І-ші топ мүгедектігі бары), ымдау тілі маманының (естімейтіндігі бойынша мүгедектер үшін) қызметін алу және санаторлы-курорттық ем қабылдау бойынша құжаттарды рәсімдерді іске қосу жоспарланып отыр.

Еске салсақ, ағымдағы жылы оңалту тауарлары мен қызметтері – портал арқылы да, мемлекеттік сатып алулар арқылы да жүзеге асырылатын болады. Аталмыш қызметті толығығымен порталға толық көшіру 2021 жылдан бастап күтілуде.

Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған әлеуметтік қызметтердің белсенді форматқа өтуі Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 4 наурыздағы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде жүргізілуде.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы