Қызмет көрсету саласы мамандарына сұраныс бар ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде құрылыс, қызмет көрсету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы салаларында мамандар тапшы. Осындай сұранысқа ие қызмет көрсету саласы мамандарын елордадағы Сервис және туризм колледжі дайындайды.

Колледжде студенттерге қонақ үй шаруашылығында қызмет көрсету мамандығы бойынша арнайы пәндерден Гүлзат Жұмабаева білім береді.


Ол аталған білім ордасында 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Биыл қонақ үй шаруашылығында қызмет көрсету мамандығы бойынша үшінші лег студенттерім оқуды бітіреді. Студенттің барлығы оқу тәжірибесін колледжде өтеді. Кейін ІІ курстан бастап қонақ үйлерде тәжірибелерін жалғастырады. Яғни елордадағы Astana Marriott, Думан, Park Inn, Radisson, Hilton, Жұмбақтас қонақ үйлері. Бүгінгі күні оқушыларымыз осы аталған қонақ үйлерде біліктіліктерін жетілдіріп жатыр, - дейді оқытушы.


Оның сөзінше, студенттер оқуды бітіргеннен кейін қай жерден тәжірибеден өтті, сол жерде жұмысқа орналаса алады.


Осы мамандыққа сұраныс көп болғандықтан түлектеріміздің бәрі 100% жұмысқа орналасады десек болады. Себебі қазіргі таңда бұл сұранысқа ие мамандықтар тізімінде. Бұрын кез келген адамды осы жұмысқа алса, енді бүгінгі күні оқып, арнайы білім алып, тәжірибеден өткен адамдарды жұмысқа тартып келеді, - деп атап өтті Гүлзат Жұмабаева.

Мұғалім атап өткендей, осы сала бойынша студенттер теориялық білім алып, арнайы тәжірибеден өтеді. Сондықтан түлектердің жұмыс табуы оңай.

Қонақ үйлердің көбінде қызметкерлерді оқытуға уақыттары жоқ. Оларға дайын маман керек. Сол себепті біздің оқу мекемеміз осындай болашақ мамандарды дайындайды. Өзім қонақ үй шаруашылығында арнайы пәндерден сабақ беремін және студенттердің тәжірибесіне де жауап беремін. Алдымен колледжде оқу тәжірибесінен өтеді, кейін қонақ үйге барғанда студенттерді қадағалаймын. Студенттердің тәжірибені қалай өтіп, нені үйреніп жатқандығы 3 курсты толығымен аяқтағанша, менің мойнымда болады, - деп түсіндірді ол.

Мұғалімнің сөзінше, топта 25 бала болса, оның шамамен 95%-ында өз мамандығына қызығушылығы бар.


Қызмет көрсету саласының мамандарының орташа айлық жалақысы 90 мыңнан 200 мыңға дейін.

Колледжде қызмет көрсету саласында білім алып жатқан Махаббат Құтжанова мамандығы жайында айтып, болашақ жоспарымен бөлісті.

Мен үшінші курс студентімін. Қонақ үй шаруашылығы мамандығында оқимын. Екінші курстан бастап «Сұңқар» қонақ үйінде тәжірибеден өтіп жүрмін. Оқуды аяқтағаннан кейін осы жерге жұмысқа тұрамын. Себебі бұған дейін өткен тәжірибе кезінде жасым 18-ге толмағандықтан жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмады. Енді қазір 18-ге толдым, - деді студент.


Махаббат бұл салаға өз таңдауы бойынша келген.

Қолыма диплом алғаннан кейін жаңа айтқан қонақ үйге жұмысқа тұрып, мамандығым бойынша біліктілігімді арттырамын. Кейін болашақта өзімнің қонақ үйімді ашуды жоспарлап отырмын. Жалпы қонақ үй ашу үшін маркетингті білу керек. Себебі мұны аша салу оңай емес. Колледжде негіздерін үйретеді, бағыт береді, - деп Махаббат жоспарымен бөлісті.

Қонақ үйде жұмыс істеу үшін бірнеше тілді білу керек. Махаббат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді.

Колледжде Кәсіби ағылшын тілі пәні оқытылады. Студенттер өз мамандығы бойынша ағылшын тілінде қонақтарды қалай қарсы алуды үйренеді. Одан бөлек, түрлі диалогтармен, терминдермен жұмыс істейді. Яғни колледжде ағылшын тілін оқытуға да басымдық берілген.

Айта кетейік, бүгін елордадағы Сервис және туризм колледжінің жұмысымен таныстық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы