Қызайбайсыз Олимпиада: Олимпиада үшін кәсіпқой боксқа ауысқан жоқпын
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бокстан Қазақстанның 10 дүркін, Әлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбай Токио Олимпиадасына бармады. Әлеуметтік желі қолданушылары «Назым Қызайбай Олимпиадаға барса, міндетті түрде алтын әкелер еді» деп жарыса жазған еді. Спортшы Олимпиадаға іріктеуден неге өтпей қалды? Жоспарлары бар ма? Оның ең биік арманы қандай? Токио Олимпиадасы туралы не ойлайды? Осы сұрақтарға қазақстандық боксшы бізге берген эксклюзивті сұхбатында жауап берді.
- Назым, Токио Олимпиадасы өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы 8 қоламен елге оралды. Бұл нәтижеге қатысты қандай пікір айта аласыз?
- Иә, Олимпиада аяқталды. Өкінішке қарай, елімізде алтын медаль жоқ. Тіпті, күміс медаль да жоқ. Мұндай көрсеткіш ешбір Олимпиадада болмаған еді. Спортшылар тым болмағанда бокстан бір алтын алып келетін еді. Өте өкінішті. Бірақ болары болды, нәтиже осындай. Осыдан да сабақ алып, келесі Олимпиадаға барынша дайындалып, жақсы өнер көрсетеміз деп ойлаймын.
- Токио Олимпиадасы Назым Қызайбайсыз өтті. Оған не себеп болды?
- Менен көбі «Неге Олимпиадаға бармадың?» деп сұрап жатыр. Олимпиадаға бару - менің қанша жылғы арманым. Соған жету үшін тынбай еңбектеніп жүрмін. Риодағы Олимпиадаға да қатыса алмадым. Іріктеудің алғашқы ойынында жолдаманы Мэри Комға берген еді. Кейін елордада Әлем чемпионатында жолдама ұтамын деп ойладым. Бірақ Әлем чемпионатында мені 48 келіге түсіріп тастады. Салмағым аз деді. Сол кезде бабымда едім. Дегенмен ол жолы 48 келі салмақтағы екі дүркін Әлем чемпионы атандым. Рио солай өтті. Кейін Токиоға дайындала бастадым. Өкінішке қарай, мұнда да жолым болған жоқ. Қазақстан біріншілігінде ұтып, нөмірі 1-ші болып жүрсем де, Азияда өтетін жолдамалық турнирге 3-орын алған қызды жіберді. Меніңше, оның себебін жаттықтырушы мен басшылықтан сұрау керек. Біз спортшы ретінде қолымыздан келгенін жасадық. Жақсы формада жүрдім. Сол кезде іріктеуге жібергенде, жолдама ұтып келер едім. Себебі Азияда жолдама алған қыздардың көбін ұтқанмын. Осы Олимпиадаға қатысқан қыздардың 4-5-уін жеңгем. Өте өкінішті, Олимпиадаға біздің құрамадан ешкім бара алмады. Негізінен, алғашқы іріктеуден кейін екінші іріктеу болады деп айтқан. Өкінішке қарай, карантин кесірінен ол өтпейтін болды. Сосын жолдамалар бұрынғы жарыстардың рейтингі бойынша таратылып кетті. Соңғы Азия чемпионатында ұтсақ та, ол есепке алынбады. Осылайша, Олимпиаданың іріктеуіне мүлдем қатыспай, бара алмадым.
- Әлеуметтік желіде «Назым Олимпиадаға барғанда, алтын әкелер еді» деген жазбалар жарияланды. Бұл пікірлер өзіңізге де жеткен шығар?
- Олимпиадаға барсам, алтын алатын едім деп қазір ештеңе айта алмаймын. Кім біледі, барғанда барлығы мүмкін еді. Бірақ Олимпиадаға барғанда, кем дегенде медальмен келетін едім. Бар күш-жігерімді салып, соңына дейін күресетін едім. Мақсатым мен арманым - Олимпиада. Денсаулығым жақсы болса, әлі де көп жаттығамын, дайындаламын. Олимпиадаға барып, алтын медаль алу үшін көп еңбектенемін. Ең биік арманым - қазақ қыздарның арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болу. Осы жолда көп еңбектеніп жатырмын. Олимпиаданы барлығымыз ел болып көрдік. Қазір жаттықтырып жүрген жеке бапкерім де «Әттең, Олимпиадаға сен барғанда ғой» деп өкінішпен айтты. Бапкерім финалға дейін баратын едің деп айтып отыр. Кім біледі енді, бұйырғаны болды. Еңсемізді түсірмей, әрі қарай еңбектенеміз. Алдағы жарыстарға дайындаламыз. Уақыт өткен сайын жас та келіп жатыр. Бұрында «әлі жассың» деп айтатын. Қазір біздің де уақыт келіп жатыр. Сондықтан денсаулық барда, нәтижеге жету үшін еңбектенеміз.
- Халықаралық жарыстарға Қазақстанның намысын қорғауға тек талантты спортшылар шығады деп ойлайсыз ба? Жалпы талантты спортшыларға қиянат жасалмай ма?
- Спортшылардың жолы оңай емес. Әр спортшы өзін «мықтымын» деп санайды. Барлығы жеңіске жеткісі келеді. Осы жолда аянбай еңбек етеді. Бұл жерде басымдық бапкерлерге беріледі деп ойлаймын. Көп нәрсе соларға байланысты болады. Себебі олар қандай спортшы қалай дайындалып жүргенін біледі. Кім бабында жүргенін бақылайды. Біздің бапкерлер өзінің жерлестерінен, өз қаласынан шыққан спортшы барсын деп тұрады. Меніңше, біз Қазақстанның атынан шығатын болғандықтан, барлығы бірігіп мықтыны таңдауы керек. Сонда ғана үлкен жетістікке жетер едік. Әр қала өз спортшысын жібергісі келеді. Мысалы, мен Алматының атынан шыққан соң, алматылықтар, біздің басқарма менің барғанымды қалайды. Басқа қала да дәл солай өз спортшыларының барғанын қалайды. Мықтыны мықты деп «шамасы келіп тұр, осы қызды жіберейік» дейтін намысшыл, патриот адамдар болса деймін.
-Токио Олимпиадасы қазақ боксына қандай реформа қажет екенін көрсетті?
- Мен бұл жерде спортшы ретінде бірдеңе айтуым артық та шығар. Себебі көп бапкер мен басшы өздері куә болды. Қандай өзгеріс керек екенін жаттықтырушылар біледі деп ойлаймын. Өйткені қанша жыл бойы бокс бізде алдыңғы қатарлы спорт түрі болып келді. Қазір бұл спорт түрі әлем бойынша қарқынды дамып жатыр. Бұрын Олимпиадада Африка елдері өнер көрсеткенде «нәтижесі белгілі» деп мән бермейтін едік. Қазір Африка мемлекеттерінің боксшылары тамаша өнер көрсетіп жүр. Бұл әлемдік дамуды көрсетіп отыр. Сол дамудан біз де қалмай, қажетті өзгерістерді енгізуіміз керек. Бапкерлер дұрыс сараптама жасайды деген ойдамын.
- Осыған дейін басты меже Токио Олимпиадасы деген едіңіз. Өкінішке қарай, ол орындалмады. Кәсіпқой боксқа кету туралы ойландыңыз ба?
- Неше түрлі ойлар болды. Олимпиадаға дейін жақсы ұсыныстар болды. Мен екіге бөлінгім келген жоқ. Олимпиадамен қарбалас болмасын деген едім. Олимпиада үшін кәсіпқой боксқа ауысқан жоқпын. 3-4 жерден жақсы ұсыныс келіп түсті. Қазір ұсыныс қабылдасам, мақсатыма кедергі болады деп топшыладым. Себебі әуесқой мен кәсіпқой бокс екітүрлі. Жаттығулар да ерекшеленеді. Ойым мен мақсатымды бөліп-жарғым келмеді. Әуесқой бокста қалып, Олимпиадада жақсы өнер көрсетіп барып кәсіпқойға ауысам ба деп ойлаған едім. Қазір енді білмеймін. Бірақ көп спортшы әуесқой мен кәсіпқойда да бағын сынап жүр. Қазір екеуін бірге алып жүруге болады. Бірақ мен Олимпиадаға барам деп дайындалдым. Соған ниет еттім. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетер» демекші бөлінгім келмеді. Бар үміт Токио Олимпиадасымен аяқталмайды. Әлі де жаттыға береміз, шыңдала береміз. Ең бастысы - сағыңның сынбауы. Сондықтан бойда күш-жігер барда тек алға қарай қадам баса бермекпін.
- Назым, сізге сәттілік тілейміз, жеңісті күндеріңіз көп болсын! Тұшымды әңгімеңізге көп рақмет!