Қытайдағы қазақ қаламгерлерінің қалжыңдары және әндер тарихына қатысты қос кітап жарық көрді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жас ақын Дәурен Бақытқажыұлының «Қытайдағы танымал қазақ әндерінің тарихы» және «Қытайдағы қазақ қаламгерлерінің қалжыңдары» атты екі кітабы жарық көрді.
Астана күніне орай Қазақстан жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы Жазушылар үйінде кітаптың тұсаукесері өтті.
Тұсаукесерге Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Несіпбек Айтұлы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақ радиосы мен Шалқар радиосының музыкалық редакторы, сазгер, әнші Халық Ризабекұлы қатарлы зиялы қауым өкілдері және басқа да өнердегі әріптестері қатысты.
Бұл екі кітаптің біріне Қытайдағы «Қос жеңге», «Ой, Ғайша», «Қази-ай» қатарлы тарихи әндер мен кейінгі біраз танымал әндердің тарихы топтастырылған.
Ал екінші кітапта Қытай қазақтары жазба әдебиетінің негізін қалаушыларының бірі, ақын Таңжарық Жолдыұлы, кейінгі қазақ әдебиетінде өзіндік орнын алған Омарғазы Айтанұлы, тапқыр сөздің шеберлері, айтыскер ақын Бердіхан Абайұлы мен Құрманбек Зейтінғазыұлы қатарлы және кейінгі буын ақын-жазушылардың әдемі әзілдері мен қарымды қалжыңдары қамтылған.
Алдымен «Қытайдағы танымал қазақ әндерінің тарихы» кітабына келсек, мен арғы бетте жүргенде танымал біраз әндердің тарихын ән авторларына кездесіп жазып алдым. Кейін бірнеше тарихи әндердің тарихын қосып, шағын кітап етіп дайындадым. Ал «Қытайдағы қазақ қаламгерлерінің қалжыңдары» кітабына келсек, бұл арада мені жазушы ретінде емес, құрастырушы ретінде қабылдасаңыздар болады. Өйткені, бұл кітапті арғы беттегі ағайындардың арасындағы 8 сағат тоқтамай күлдіргі айтатын, сол жақтағы қазіргі әзілдің атасы, күлдіргінің көкесі деп атанған Жеңіс Ырысханұлы бастаған, Сержан Қабетұлы, Айдынбек Шәріпханұлы, Асан Әбеуұлы, Қызырбек Жанасылұлы, Қайрат Сауытұлы, Нұрсұлтан Нұрахметұлы, Мақсат Нұрғазы, Кәдірқан Қизатұлы, Мұрат Алмасбекұлы, Ғарапа Насиоллаұлы, Досбол Бейсенұлы қатарлы елдің жоғын жоқтап жүрген, ақын-жазушылардың жинаған дүниелерінен, басқа да деректерден реттеп және өзімнің ел арасынан жиғандарымды қосып құрастырдым. Басты еңбек - сол кісілердікі. Айта кетерлігі, ел арасындағы әзілдер мен қаламгерлердің қалжыңдарынан құралған Жеңіс Ырысқанұлы ағамыздың «Әзілдің айраны, қалжыңның қатығы» атты мың беттен астам, әлі жарық көрмеген 3 томдық үлкен еңбегі бар. Бұл шағын кітабым - сол кесек дүниеден бастау алып, өздеріңізге шашырап жеткен, арғы беттегі қазақ қаламгерлері қалжыңдарының бір парасы ғана - дейді Дәурен Бақытқажыұлы өзі құрастырған екі кітап туралы.
Ол бұл екі кітап сол жақтағы әзілдер мен ән тарихының толық жинағы емес екенін айтты.
Бұл менің шамамның шарқынша шағын кітап етіп дайындаған азғантай еңбегім, артығы болса кешіріп, кемі болса толықтап қабыл аларсыздар. Алдағы уақытта бұл дүниелерді кітап жүзінде ғана қалдырмай, әрі қарай эфирге шығарып елге жеткізсем деген ойдамын», - дейді Дәурен Бақытқажыұлы.
Айта кетейік, Дәурен Бақытқажыұлы 1989 жылы 10 сәуірде ҚХР, Тарбағатай аймағы, Толы ауданының Ақбелдеу ауылына қарасты Жамбылқора қыстағында дүниеге келген.
2010-2012 жылдары Күйтің қаласындағы Оқу-ағарту институтында қазақ әдебиеті мамандығы бойынша білім алған. «Қарағайбастау», «Қарағайбастау сазгерлері», «Азаттығым - ғажап күнім» алманақтарына өлеңдері енген. «Он сегіз», «Махаббат шыңы» жыр жинақтары, «Қытайдағы қазақ спортшылары» және «Моңғолиядағы халықаралық қазақ спортшылары» атты кітаптары жарық көрген.
2018 жылы Тарбағатай аймағының орталық қаласында өзінің жеке шығармашылық ән-жыр кешін өткізген. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған республикалық жыр бәйгесінің 1-орын иегері.
Дәурен Бақытқажыұлы Шыңжаң қазақ тіл-мәдениет қоғамының, Шыңжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің мүшесі. Моңғолия Баян-өлгей аймағының құрметті азаматы. Бірден екі кітапты шығарып отырған ақынның туындыларын өнердегі ағалары «бұл кішкене кітап болғанымен, салмақты жүк арқалаған үлкен еңбек» деп бағалады.