Қытай билігі ресми түрде үшінші бала тууға рұқсат берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қытай билігі бала тууды шектеу саясатын жеңілдетіп, отбасында үшінші баланың тулуына мүмкіндік берді. Бұл туралы Reuters хабарлайды.
Бұл өзгеріс Си Цзиньпиннің төрағалығымен өткен Саяси бюроның отырысында мақұлданды.
Бала туу саясатын одан әрі оңтайландыру үшін Қытай саясатты жүзеге асырады: бір ерлі-зайыптылар үш балалы болуы мүмкін, - делінген хабарламада.
Билік жаңа рұқсат халықтың тез қартаюын ескере отырып, елдегі демографиялық ахуалды жақсартуға көмектеседі деп санайды.
Саясаттың өзгеруі біздің елдің тұрғындарының құрылымын жақсартуға, қартайған халыққа белсенді қарсы тұру және адами ресурстардың артықшылығы мен қауіпсіздігін сақтау стратегиясын іске асыруға көмектесетін қолдау шараларымен бірге жүреді, - делінген агенттіктің хабарламасында.
Алайда, биліктің бұл шешімі қытайлық әлеуметтік желілерде наразылық тудырып, көптеген отбасылар балалы бола алмайтындықтарын айтты. Weibo-ның қолданушысы: «Егер сіз маған 5 миллион юань (785 650 АҚШ доллары) берсеңіз, мен үш балалы болуға дайынмын» деп жазды. Бұрын жарияланған онжылдық қытайлық санақтың нәтижелері Қытайдың материктегі халқы 2020 жылдың 1 қарашасында 1,41 миллиардқа дейін өскенін көрсетті. Бұл 1950 жылдардан кейінгі ең төменгі өсу қарқыны орын алды. Содан кейін сарапшылар алдағы бірнеше жыл ішінде ел 70 миллион жұмыс күшінен айырылатындығын, бұл әлемдік нарыққа әсер ететінін айтып өткен еді.
Еске салайық, «Бір отбасы - бір бала» бала көтеруді шектеу саясаты Қытайда 1979-2015 жылдар аралығында қолданылған болатын. Содан кейін, 2016 жылы ел билігі бұл шектеулерді босату туралы шешім қабылдады және ерлі-зайыптыларға қарт адамдар үлесінің тез өсуіне, сондай-ақ жұмыс күшінің төмендеуіне байланысты екінші балалы болуға рұқсат берді.