Қысқы спорт маусымы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елімізде қысқы спорт маусымы салтанатты түрде жалауын көтерді. Нұр-Сұлтан қаласындағы шаңғыроллер тас жолында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған қысқы маусымның ашылуы өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Райымқұлова Ақтоты Рахметоллақызы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Оралов Асхат Раздықұлы және ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ерғалиев Самат Серікқанұлы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Бүгін елімздегі қысқы маусымның ашылуы тұңғыш президентіміз Елбасы мерекесімен тұспа – тұс келіп тұр. Осы айтулы күнмен және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейлі мерекесімен баршаңызды құттықтаймын! Елімізде бұқаралық спорт  қарқынды дамып келе жатыр. Бұл өте қуантарлық жайт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлді. Пандемия кезінде денсаулықты нығайту үшін дәл осы бағытты дамыту маңызды, - деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өз сөзінде.

Шараның салтанатты ашылу рәсімінен кейін министр Ақтоты Рахметоллақызы жарыс қатысушыларына «старт» берді. Әуесқойлар арасындағы шаңғы жарысын ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев өзі бастап, қатысушылармен бірге бір шақырымды бағындырды.

Сонымен қатар шара аясында еліміздің 17 қаласымен телекөпір ұйымдастырылып, «Хабар24» телеарнасында онлайн-трансляция арқылы бұқаралық жарыстың басталуы көрсетілді.

Сондай-ақ аталмыш шара аясында шаңғы жарысы, гір тасын көтеру, қол күресі,  арқан тартыс және белбеу күресі секілді спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. 

Елорданың ауа райына қарамастан жарысқа 600 ге жуық  адам жиналды. Әр жас тобының жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. 

Отбасымызбен қысқы маусымның ашылуын тамашалауға келдік. Бүгінгі  керемет ауа-райына қарамастан  жарыс  барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өтіп жатыр. Өте керемет іс-шара, жоғары деңгейде өтуде. Бұл жарысқа немерем қатысып жатыр. Барлық қатысушыларға, соның ішінде шаңғы жарысына қатысып жатқан немереме сәттілік тілеймін. 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күнімен барша халықты шын жүректен құттықтаймын – деді елорда тұрғыны Жанғабыл Куптенов.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған шара санитарлық нормаларды сақтай отырып өтті.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы