"Қырық темірдің қылауы". Қолдан құрастырылған "гибрид"

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жастайынан автокөлік тізгіндеген Есенбек Сейітов темір-терсектің қыр-сырын жетік меңгерген. Ал зейнетке шыққалы ол түрлі көліктерді құрастыруға әуестене бастапты. Нәтижесінде шағын жүк көлігін құрастырып шыққан.

inbusiness.kz сайтының мәліметіне қарағанда, жүк көлігіне волганың қозғалтқышы, автобустың орындығы, мерседестің дөңгелегі, УАЗ-дың рөлі және басқа 7 автокөліктің бөлшектері орнатылған. 

Қазір сызбасынан дәнекерлеп, сырлауына дейін өз қолымен жасаған дүниесі кәдеге жарап тұр. Шағын агромашинаның ерекшелігі сол көлемі шағын, бірақ жылдам қозғалады әрі басқаруға ыңғайлы. Ауыл шаруашылығында таптырмайтын көлік бірнеше қызметті қатар атқаратындай етіп жасалған. Өнертапқыш бұл туындысын құрастыруға ескі көліктердің бөліктерін қолданыпты.  

Ғаламтордан қарап отырып, жүк көлігін құрастыра бастадым. Алдымен мотор сатып алдым, содан сон зейнетақы түскен сайын бір бөлшектен алып құрастыра бердім. Жүк көлігі зат тасуға ыңғайлы және кранның да қызметін атқарады, - дейді ақсақал.  

Көлікті құрастыруға былтыр қыста кіріскен қария қолға алған жобасын бас-аяғы жарты жылда іске асырыпты. «Гибрид» жүк көлігінде волганың қозғалтқышы, автобустың орындығы, мерседестің дөңгелегі, УАЗ-дың рөлі және тағы басқа 7 автокөліктің бөлшектері орнатылған. Қыста есік алдының қарын күреп, жазда қоқыс шығаруға септігін тигізетін таптырмас дүниені сатып алуға ниеттенгендер де көп болған. Бірақ зейнет жасындағы азамат көлігін сатпақ ойы жоқ. 

Көшеге шықсам, бәрі күшті екен деп жатыр. «Қаншаға сатасыз? Көлігіңізді қаншаға бағалайсыз?» дейді. Білмеймін, есептеген жоқпын деп құтыламын - деп еске алды ақсақал.  

Бүгінде көлігімен азық-түлік үшін дүкенге де барып келіп жүрген Есенбек қария сағатына 30 шақырым жылдамдықпен жүретін жүк көлігіне АИ-92 жанармайын құяды екен.  

Алдағы уақытта өнертапқыш зейнеткер жер жыртатын трактор құрастыруды ойластырып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы