«Құмтор» ісі. Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаев Бішкекке жеткізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Іздеуде жүрген Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев Бішкекке ұшып келді.

Бұл туралы 24.kg хабарлады.
     
«Аэрофлот» компаниясының ұшағы қалаға сағат 15.06-де (Бішкек уақытымен) қонғаны белгілі. Ұшақ бортында экс-президенттен бөлек оның ұлы Илим Ақаев болған.

Айта кетейік, «Құмтор» ісін тергеу аясында ведомствоаралық тергеу тобының бастамасымен Асқар Ақаевқа іздеу жарияланған болатын. Елдің бұрынғы президенті басқа шенеуніктермен қатар 1992 жылы «Құмтор» жобасы бойынша бас келісімді жасасу барысында, 1994 жылы оған өзгеріс енгізу барысында, сонымен қатар 2003 жылы «Камеко» компаниясымен бас келісімді қайта құрылымдау кезінде сыбайлас жемқорлық фактісіне жол бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын. 
Тергеу Асқар Ақаев президент болған кезеңде «Құмтор» жобасын іске асыру барысындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар барлық кінәлі тұлғаның іс-әрекетіне заңды бағасын берді. Осымен қатар бір мезгілде МҰҚК тергеу барысында тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған белсенді жұмыс жүргізу мақсатында Ақаевты республика аумағына жеткізді, - делінген ведомство хабарламасында.
Қазір Ақаев МҰҚК ғимаратында. Оның қатысуымен «Құмтор» кен орнына қатысты қылмыстық іс шеңберінде тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы мәліметтерге сәйкес Асқар Ақаев тергеу амалдарында көмек көрсетуге дайын екенін жеткізген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы