Қырғызстанда парламент сайлауы кейінге шегерілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғызстан парламенті – Жогорку кеңеш депутаттар 22 қазанда үш оқылым өткізбей-ақ "Қырғызстан президенті мен Жогорку кеңеш депутаттарын сайлау туралы" конституциялық заңға өзгерісті қабылдады.
Азаттықтың мәліметіне қарағанда, депутаттар қабылдаған заң жобасынан соң конституциялық реформа өткенге дейін заңдағы 38 және 63-бап күшін жояды. Яғни, сайлау өткізу мерзімі бойынша норма жүзеге аспайды.
Жобадағы тағы бір бапқа сай, конституциялық реформа 2021 жылдың 10 қаңтарына дейін өтуі тиіс. Тағы бір бап Жогорку кеңеш сайлауы конституциялық реформадан кейін өткізуді бекітеді. Ал конституциялық реформа 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін жасалуы тиіс.
Заң жобасын ұсынған депутат Акылбек Жапаровтың сөзінше, үш айдың ішінде парламент, президент және референдум өткізу қаржы жағынан қиынға түседі. Ол қазіргі Жогорку кеңеш реформа өткенге дейін жұмыс істей беретінін де айтты.
Жогорку кеңеш мүшелері бұл заң жобасын талқыламай бірден дауыс беріп, 83 депутат қолдады.
4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін Жогорку кеңешке өтпей қалған оппозициялық партиялар мен жұрт жаппай наразылыққа шығып, қайта сайлау өткізуді, Сооронбай Жээнбековтің президенттіктен кетуін талап етті. Наразы жұрт "сайлауда билікке жақын партиялар жеңді, олар әкімшілік ресурстарды пайдаланды, жұртқа ақша беріп дауыс сатып алды" деп айыптаған. 6 қазанда Орталық сайлау комиссияы сайлау нәтижесін жойған болатын.