Қырғызстан Pfizer вакцинасынан бас тартпақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғызстан Pfizer вакцинасынан бас тартуға шешім қабылдады, деп жазды РИА Новости.

Республиканың денсаулық сақтау министрі Алымқадыр Бейшеналиевтің мәлімдеуінше, Pfizer вакцинасынан бас тартуға оны сақтауға арналған тоңазытқыштардың болмауы себеп болып отыр.

Бізге америкалық Pfizer вакцинасы ұсынылды. Алайда вакцинаны -70 градус температурада сақтау керек. Біз миллионнан астам дозаны тегін бергіміз келді. Оны әкелу, сақтау және халықты вакцинациялау үшін бізге арнайы тоңазытқыштар қажет. Бірақ бізде мұндай тоңазытқыштар жоқ, - деді министр мемлекеттік «Биринчи радиоға» берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, мұндай температураны сақтайтын тоңазытқыштар шамамен төрт мың доллар тұрады. 

Pfizer вакцинасын қамтамасыз ету үшін материалдарға тағы екі миллион доллар қажет. Өкінішке қарай, бюджетте мұндай ақша жоқ, - деді ол.

Бейшеналиев атап өткендей, қазір Қырғызстан Ресей үкіметімен Ресей вакцинасын республикаға жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуде. Ол -2-ден -18 градусқа дейінгі температурада сақталады.

Коронавирустың алғашқы жағдайлары Қырғызстанда 2020 жылдың наурыз айында анықталды. Жалпы елде COVID-19 инфекциясының 83 268 жағдайы тіркелген. 1390 адам қайтыс болған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы