Қырғыз Президенті Тоқаевқа Жұбан Молдағалиевтің өлеңін оқып берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстанға Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров мемлекеттік сапармен келді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Садыр Жапаров екі ел арасындағы қарым-қатынастардың терең екенін сипаттай отырып, қазақтың белгілі ақыны Жұбан Молдағалиевтің сөздерін еске алды.
Мен қазақпын, қырғыз ол – туысқаным, Бірге тартқан тарланның құйысқанмын. Анамыз да қара көз бір қыз, бәлки, Бөліп берген егізге уыс нанын, – деп қазақ ақынының поэмасынан үзінді келтірді Қырғыз Президенті.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ пен қырғыз байланысының тамыры тереңде екенін айта келіп, ұлы Абай мен Мағжан Жұмабаевтың сөздерін тілге тиек етті.
Ұлы Абай айтқандай, «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды». Қос халықтың рухани туыстығын дәлелдейтін мысалдар жеткілікті. Бұл байланыстар Әуезов пен Айтматов, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Оспанқұл сияқты алып тұлғаларымыздың тұсында нығая түсті. Қазақтың әйгілі ақыны Мағжан Жұмабаев «Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қырдың құланы» деп жырлаған. Мұның бәрі біздің арғы тегіміздің бір екенін аңғартады, – деді Қазақстан Президенті.
Президенттер қос халықтың мәдениеті мен тарихының және тілінің ұқсастығын ескере отырып, ғылым, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілді екенін нақтылады.
Айта кетейік, бүгін Тоқаев пен Жапаров бірлескен мәлімдеме жасаған болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Павлодарда табиғи ойыншықтар өндіріле бастады
Келесі жаңалық
Жетісуда қысқы спорт дамымаған
Өзгелердің жаңалығы