КВИ жұқтырудан I орында тұрған СҚО-да карантин күшейтілетін болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында 16 қазаннан бастап карантиндік шектеулер қатаңдатылып, бірқатар нысанның жұмыс кестесіне өзгеріс енгізіледі.
Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
Солтүстік Қазақстан облысында бас санитариялық дәрігердің жаңа қаулысы шықты. Коронавирус инфекциясына шалдыққандар санының артуына байланысты өңірде карантин талаптары 16 қазаннан күшейтіледі. Осыған орай бүгін Петропавлда брифинг өтті.
СҚО-ның бас санитариялық дәрігері Серікбай Қасмақасовтың жаңа қаулысына сәйкес мынандай талаптар қойылады:
Біріншіден, сауда, ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, азық-түлік және азық-түлік емес дүкендердің, моншалар мен сауналардың жұмысы сағат 22.00-ге дейін қысқарады.
Екіншіден, қоғамдық тамақтану орындарында келушілер саны 50-ден 30-ға дейін қысқарып, сағат 22.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Ал мереке және демалыс күндері қоғамдық тамақтану нысандарынан тамақты тек сатып алуға немесе тапсырыспен алғызуға болады.
Үшіншіден, демалыс және мереке күндері мына нысандар уақытша жабылады: жабық киім-кешек базарлары, азық-түлік емес тауарлар сататын жабық базарлар, спорт нысандары, фитнес және тренажерлік залдар, бассейндер, білім беру орталықтары, үйірмелер, туризм нысандары мен сауда, ойын-сауық орталықтары, аумағы 500 шаршы метрден асатын азық-түлік емес тауарлар дүкендері (оларда орналасқан азық-түлік нысандары мен дәріханаларды қоспағанда).
Төртіншіден, штатта 30-дан артық адам болған жағдайда, 50% кем емес қызметкерлер қашықтан жұмыс істеулері тиіс.
Сондай-ақ Петропавлда демалыс күндері қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтап, саябақтарға, бақтарға, өзен-көлдердің жағасына барып демалуға тыйым салынды.
СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде наурыз айынан бері КВИ жұқтырудың 4257 жағдайы тіркелді. 24 адам қайтыс болды. Қазір өңір қауіпті инфекцияны жұқтырудан бірінші орында тұр. Өткен тәулікте СҚО-да жаңадан 14 науқас тіркелді.