КВИ-ге шалдыққан 600-ге жуық қазақстандықтың жағдайы ауыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева хабарлады.
Әлемдік статистикаға сүйенсек, жер шарында індет басталғалы 182 млн адам вирус жұқтырып, оның ішінде 3,9 млн адам қайтыс болған.
Ал еліміздегі эпидахуалға тоқталсақ, бүгінгі таңда 423 137 жағдай зертханалық тұрғыда дәлелденген. Оның ішінде соңғы тәулікте 2016 жағдай тіркелген. Сонымен қатар коронавирусқа ықтималдылығы жоғары, пневмониямен қатар жүретін 57 025 жағдай анықталды. Соңғы тәулікте 83 жағдай айқындалды.
Қазіргі уақытта халық арасында вакцинаға деген белсенділік артуда. Қолда бар мәліметтерге сай, вакцинаның І компонентімен 3 335 172 адам, ІІ компонентімен 2 596 мың адам қамтылған. Сондай-ақ қазір халық арасында стационарға жатқызылғандардың жағдайы өзекті. Бүгінде 596 науқастың жағдайы ауыр, оның ішінде: 493 адам – өте ауыр, 103-і – жоғары ауырлықта, 67 адам ӨЖЖ аппаратына қосылған, - деді Айнагүл Қуатбаева.
Оның айтуынша, соңғы 7 күн ішінде ауруханадағы төсек-орынға қажеттілік 25%-дан 29%-ға артып отыр. Реанимациялық төсек-орынға мұқтаждық 20%-дан 24%-ға ұлғайған.
Бұған дейін аталған брифинг барысында ШЖҚ МҚК «Көпбейінді медициналық орталық» директорының орынбасары Сәуле Атығаева елордада коронавирустың клиникалық сипаты өзгергенін айтты.