Квазимемлекеттік сектордың 13 субъектісінде қоғамдық кеңес құрылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет мәлімдеді.
Мемлекет басшысы ел халқына Жолдауында республикадағы қоғамдық-саяси реформалардың жаңа бағытын жариялады. Оның ішінде азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға да басымдық берілген. Қазіргі таңда Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғыртуды талап етеді, - деді Мадияр Қожахмет орталық коммуникацяилар алаңында өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тартуға жағдай жасалуда.
Республикалық және өңірлік деңгейде түрлі диалог алаңдары жұмысын бастады. Бүгінде азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен нығаюына заңнамалық негіз қаланып, мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. 2017 жылдан бастап қоғамдық ұйымдарды ынталандыру тетігі ретінде материалдық және кадрлық ресурстарын дамыту мен нығайту аясында 286 үкіметтік емес ұйым сыйлықақы алды.Қоғамдық кеңестердің қызметі жандандырылуда, - деді АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы.
Ол Квазимемлекеттік сектордың 13 субъектісінде қоғамдық кеңестер құрылғанын атап өтті.
Бүгінде елімізде барлығы 253 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның ішінде 208 кеңес қайта құрылды. Министрліктің бастамасымен қабылданған заң жобалары бойынша жұмыс топтары құрамының 70%-ын қоғамдық ұйымдар, азаматтық белсенділер, сарапшылардан тұрады. Тұтастай алғанда, осы шаралардың барлығы мемлекеттік басқару органдары қызметінің есептілігі мен ашықтығы жағдайларында азаматтардың шешімдер қабылдауға қатысуы үшін қолайлы жағдайлар жасайды, - деп мәлімдеді Мадияр Қожахмет.