Күзетші мен еден жуушының мәртебесін көтеру ұсынылды

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков Үкіметке жолдаған сауалында қарапайым еңбек адамдарына байланысты мәселені көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз қызметкердің мәртебесін көтеру керек дегенде нені айтамыз? Осы орайда мекеменің емес, сол мекемеде жұмыс істейтін қызметкердің мәртебесін көтеру керек екенін айтқым келеді. Қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған, елеусіз көрінгенімен, аса маңызды қызмет атқаратын маман иелерінің яғни, кез келген мекемедегі еден жуушы, техникалық қызметкер, гардеробшы, қарауыл, вахтер, аула сыпырушы сынды жұмысшылардың мәртебесі мен жағдайы қазіргі таңда өзекті, - деді депутат.

Серіков көбіне назар лауазымды тұлғалар мен жетекші мамандық иелеріне берілетінін атап өтті.

Ал шын мәнінде, көшедегі қарауыл – біреудің әкесі не ағасы, ал еден жуушы – біреудің анасы, әпкесі шығар. Иә, олар мәртебелі қызмет иесі болмауы мүмкін. Бірақ осы қызметтегі адамның мәртебесін көтеруге, яғни, олардың адамдық, азаматтық, әлеуметтік мәртебесін көтеруге міндеттіміз. Сол азаматтардың да балалары бар ғой, ертең менің анам еден жуушы, әкем күзетші, аула сыпырушы болған деп мақтана ала ма? Ол үшін біз не істеуіміз керек? Әрине мәртебелерін көтеруіміз қажет, - деп айтты мәжілісмен.

Ол атап өткендей, бүгінде бұл санаттағы қызметкерлердің еңбекақысы еліміздегі орташа жалақы көрсеткішінен әлдеқайда төмен. Көп жағдайда олар ауыр физикалық еңбекпен айналыса тұра, әлеуметтік жеңілдіктерден, кәсіби қорғаудан және көтермелеуден тыс қалып жатады.

Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды - "Жұмысшы мамандықтары жылы", яғни еңбек адамы жылы деп жариялағанын еске сала кетті.

Бүгінде бұл санаттағы еңбеккерлердің жалақысы төмен, әлеуметтік мәртебесі нақты айқындалмаған, сауықтыру мен тынығуға мүмкіндігі шектеулі, кәсіби дамуға жағдайы қарастырылмаған. Ал енді осы қызметкерлердің мәртебесін қалай көтереміз? Ол үшін кез келген мемлекеттік, квазимемлекеттік мекемелер осы санаттағы қызметкерлерге жылына бір рет тұрақты түрде мекеме есебінен санаториге жолдама және 13-ші жалақысын беру керек. Сонымен қатар еңбек демалысына шыққанда 2 айлық емдік пособиясын беру қажет. Себебі оларда онсыз да еңбек ақысы аз. Және міндетті түрде қайта даярлау және кәсіби даму курстарына ақысыз қатысуына жағдай жасау керек. Бұл оларға мамандықтарын өзгертуге мүмкіндік береді. Ал зейнетке шыққан ардагерлерге мекеменің арнайы құрметті атағы не марапатын енгізу қажет, - деп ұсынды Таңсәуле Серіков.

Депутаты мынадай ұсыныстар жасады:

  1. Бұл санаттағы қызметкерлерге еңбекақыны арттыру.
  2. Оларды "қоғамдық маңызы бар жұмысшы" ретінде заңнамалық тұрғыда атау беру.
  3. Жыл сайынғы мемлекеттік квота арқылы тегін сауықтыру шипажайларына (санаторий) жолдама беру жүйесін енгізу - бұл олардың денсаулығын қалпына келтіріп, қоғамдағы қадір-қасиетін арттыратыны анық.
  4. Мамандарды оқыту, қайта даярлау және кәсіби даму курстарына ақысыз қатысуына жағдай жасау керек.
  5. Ардагер техникалық қызметкерлерге (зейнетке шыққан еден жуушы, аула сыпырушы, гардеробшы, т.б.) арналған құрметті атақ немесе төсбелгі енгізу мүмкіндігін қарастыру.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы