Күзетке көбіне арнайы даярлықтан өтпеген адамдар тартылады - Смайылов
Ата-ана мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл бағытта нормативтік те, ұйымдастыру жағынан да барлық деңгейде жүйелі шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Білім беру ұйымдарын дабыл кнопкаларымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауға, оларды полиция бөлімшелеріне қосуға, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар күшейтілді, - деді ол.
Смайыловтың айтуынша, білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуі тиіс.
Атқарылған шараларға қарамастан, өңірлерде проблемалар әлі де жеткілікті. Бейнебақылау орнатылған мектептердің арасында камералары стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес келмейтін мектептер де бар. Еліміздегі 1100-ге жуық мектеп полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Бақылау режимі қатаң сақталмайды.Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы мектептерде лицензияланған күзет қызметтерімен келісімдер жасалмаған. Күзетке көбіне арнайы даярлықтан өтпеген адамдар тартылады. Осы мәселелердің барлығын шешу керек, - деді Премьер-министр.