Күздің жылулық сыйлайтын сәттері: Астанадан фоторепортаж
Күз десе, көбіміз сұр аспан мен салқын желді, көңілге мұң ұялататын күндерді елестетеміз. Бірақ астаналықтар бұл мезгілдің де әдемі сәттерін көріп жүр. Отбасымен серуендеп, балаларымен ойнап, өзіне ұнайтын іспен айналысып жүрген тұрғындардың күзгі демалысын BAQ.KZ тілшісі фоторепортажға жинады.
Күзде қаланың үйреншікті көрінісі өзгереді. Күнде асығып өтетін жолыңда бір сәтке тоқтап, айналаңа қарағың келеді. Сарғайған жапырақтарға түскен күн сәулесі, саябақтың тыныштығы, таза ауада жүрген адамдар… Осындайда демалу үшін міндетті түрде алысқа барудың қажеті жоқ екенін түсінесің.
Кейде демалыс дегеніміз – жақын адамыңмен қатар отырып, асықпай әңгімелесу. Күнделікті тіршілікте сұрауға үлгермеген жағдайын сұрап, сөзін бөлмей тыңдау. Айтар әңгіме таусылса да, бірге отырғанның өзі қандай жақсы.
Отбасымен сыртқа шығудың да өз қуанышы бар. Үйдегі шаруаның, жұмыстың арасында бәрінің бір мезетте бас қосуы оңай емес.
Ал осындай серуендер үлкенге де, кішіге де бір-біріне уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Балалар үшін күздің қызығы азаймайды. Олар жылырақ киініп алса болғаны, ойын жалғаса береді.
Ересектер ауа райына алаңдап жүргенде, балалар айналасынан қызық тауып үлгереді.
Күннің жылуы барда таза ауада ұзағырақ отырғың келеді.
Бірге шай ішіп, әңгімелесіп, балалардың ойынын тамашалау үшін арнайы мерекені күтудің қажеті жоқ. Кейін сағынып еске алатын күндер де көбіне осылай, қарапайым басталады.
Біреулер демалысын жақындарымен өткізсе, енді біреулер өзімен оңаша қалғанды ұнатады екен.
Сүйікті кітапқа үңіліп, біраз уақыт ешқайда асықпауға мүмкіндік табудың өзі – тынығу. Қаланың қарбаласы арасында мұндай сәттер де керек.
Күздің бояуы күн сайын өзгереді. Бүгін көз тартқан көрініс бірнеше күннен кейін басқаша болуы мүмкін.
Сондықтан әдемі сәтті суретке түсіріп, сақтап қалғың келеді. Кейін сол суретке қарап, күннің жылуын, сол кездегі көңіл күйіңді еске түсіресің.
Жағалауға келгендердің де демалысы әртүрлі. Бірі асықпай уақыт өткізуді ұнатқан болса, бірі жаңа әсер іздеп жүр.
Ал кейде серуеннің ең жақсы бөлігі – бірге жүрген адамың. Қайда баратыныңнан бұрын, кіммен баратының маңызды болатын сәттер бар. Қатар жүріп сөйлесуге, күлуге, ортақ жоспар құруға уақыт табылса, әдеттегі жолдың өзі қысқа көрінеді.
Үлкендер мен балалардың арасындағы ықылас күзгі күнге бөлек жылу береді.
Астаналықтардың демалысына қарап, күзді тек мұңды мезгіл деуге қимайсың. Күн салқындағанымен, бірге серуендейтін, әңгімеңді тыңдайтын, қуанышыңды бөлісетін адамдар бар. Күзді жылы ететін де – солар.