Бүгiн 2026, 11:51 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов

Күйзелісте жүрген адам әдемі парақшасы бар психологқа барады – Аймағамбетов саладағы проблеманы атады

Мәжілісте психологтар мен коучтардың қызметін реттеуге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр

Депутат Асхат Аймағамбетов саладағы проблемаларды айтып, заң нормаларын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде көшеде тамақ өнімдерін сату үшін санитарлық кітапша қажет, яғни бұл сала реттелген. Сұлулық салонын ашу үшін де санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің рұқсаты керек. Ал адамның психикасымен, оның өміріндегі ең ауыр кезеңдерінде жұмыс істеу үшін ешқандай талап жоқ. Қазіргі жағдай дәл осындай, - деп айтты депутат.

Аймағамбетов мысал келтірді.

Ажырасқан, күйзелісте жүрген адам, қолында балалары бар, көмек іздейді. Ол әлеуметтік желіден өзін психолог деп таныстырған адамды табады. Әдемі парақша, белгісіз онлайн курстардан алынған сертификат, мыңдаған жазылушы. Ол маманға соңғы ақшасын беріп, айлап барады. Бірақ жағдайы жақсарудың орнына, керісінше нашарлайды, – деп айтып, мәжілісмен шағымданайын десе, сала реттелмегенін айтты.

Депутат түсіндіргендей, осындай жағдайларға байланысты депутаттар бұл заң жобасын әдейі әзірлеген. Сөзінше, елде мұндай мыңдаған оқиға бар.

Бүгінде азаматтар бізге шағымданып отыр. Жасыратыны жоқ, көп отандасымыз депрессиямен күресіп жүр. Бұл – жаһандық тренд. Адамдар көмек іздейді, бірақ ешқандай бақылаусыз, талаптары айқындалмаған нарыққа тап болады. Енді қарапайым сұрақ: егер аспаз адамды улап қойса – мейрамхана жабылады, жауапкершілік қарастырылады. Ал егер жалған психолог адамның тағдырына зиян келтірсе ше? Қазіргі заңнамада оған нақты жауапкершілік қарастырылмаған. Себебі бұл сала реттелмеген, – дейді Мәжіліс депутаты отырыста.

Жалпы алғанда, мемлекет алғаш рет психология саласының жай ғана тұрмыстық қызмет емес екенін, адамның психикасымен жұмыс істеу – аса күрделі әрі жауапты іс екенін заң деңгейінде бекітеді.

Жауапкершілік мәселесіне келсек, егер азаматтың денсаулығына зиян келтірілсе, жауапкершілік бүгінде бар. Мұндай жағдайда, зиянды кім келтірсе де, ол заң алдында жауап береді, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек уайымға түсіріп, отбасынан ажырасуға дейін жеткізетін психологтардың жұмысын сынға алған еді.