"Күй жарықтық ақын жазған ақ өлең секілді" – Жанғали Жүзбай

Қазақтың ұлттық болмысы, рухани құндылығында күй өнерінің мәні ерекше. Күй – қазақтың болмысы, мәдениеті мен өмірлік наным-сенім, дүниетанымының негізгі қайнар бұлағы.

Қазақтың халық күйлерінің әуені мен үні, көркемдік образы, философиялық ой-пікірінің маңызы, халықтың талғамы мен танымының ерекшелігін көрсетеді. Қазақ күй өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар дәулескер күйші, ұстаз Жанғали Жүзбаймен өрілген сыр-сұхбатты ұсынамыз.

Жанғали Жүзбай – дәулескер күйші. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол – шертпе күй мектептеріне байланысты бірнеше педагогикалық және хрестоматиялық еңбектердің авторы. Оның орындауындағы Тәттімбет, Итаяқ, Қыздарбек, Сембек, Бегімсал, Бапыш сынды көптеген халық композиторлары күйлерінің сирек нұсқалары «Мәңгілік сарын», «Қазақтың мың күйі» күй антологияларына енгізілді. Сонымен қатар Жанғали күйші елге Сүгірдің, Төлегеннің күйлерін тұпнұсқада шебер орындайды.

– Армысыз, Жанғали аға! Қазақ күй өнерінің корифейіне айналған дәулескер күйші бүгінде қайда жүр? Бұрынғыдай теледидар көретін адам аз. Әлеуметтік желіден тіпті көрінбейсіз?

– Әуелі сұхбат алғаныңызға мың алғыс. Қазіргі кезде отандық сайттар дамып келеді, сіздердің сайттарыңыз да оқырманға беделді, қазақ қауымның сүйіп оқитын бір арнасы деп санаймын. Өз жағдайым жақсы, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде ұзтаздық қызметте жүріп жатырмын. Жиі болмаса да теле-радио хабарларына шығып, концерттерге шығып тұрамын. Әлеуметтік желіге бұрыннан белсенді емеспін, "блогерлік" өнер кез келгенге қона бермейді екен. Менің "әлеуметтік желім" – газеттер. Кейде орайы келіп жатса шағын мақалалар жазып жүрем.

– Өзіңізді бүкіл қазақ шертпе күйдің шебері дейді. Бүгінде сол мектепті әдемі жалғастырып кеткен сен тұр, мен атайын шәкірттеріңізбен мақтаныңызшы бір...

– Өзімді "Шертпе күйдің шебері" деп санамаймын. Себебі, мен нағыз шертпе күйшілерді көрген, солардың шертісіне тамсанған адаммын. Нағыз шертпе күй шебері деп Мағауия Хамзин, Төлеген Момбеков, Уәли Бекенов, Генерал Асқаров секілді қайталанбас тұлғаларды атауға болады. Бұлар үзіле жаздаған күй дәстүрін аман алып қалған дарындар. Соларды көргенімізге, қағысына тамсанғанымызға мың шүкір дейміз. Ал енді қазіргі жас буын арасында менің қолымнан күй үйренген таланттар өте көп. Шәкірттерімді еркелетіп "конкурентім" деп атайтынымды көпшілік біледі. Шәкірттерім өз мамандықтарымен еңбек етіп жүр. Дәстүрлі күйшілік мектепті ұстап жұргендерден елге танылғандары Жалғас Садуақасов, Қайрат Айтбаев, Ақжусан Иманғазықызы, Манап Анықбек, Мадияр Сүлейменовтер. Ғылым саласында Ардаби Мәулет, Абылайхан Орманбек секілді жас ғалымдар көзге түсіп жүр. Жалпы жас буын бізге қарағанда таза, ойлары азат, ізденіске құмар. Солардың өнердегі әрбір жақсылығына сүйініп жүріп келеміз.

– Жанғали аға, бірді айтып бірге кетті дей көрмеңіз. Қазақ күйінің дәл қазіргі хал-ахуалы қалай?

– Қазіргі күй өнерінің дамуын, қанат жаюын жақсы деп бағалай алам. Өнерлі жастар өте көп. Күйшілік жол – ауыр жол десек те, жастардың содан қаймықпай ата мұрасын сақтауға тырысатынын көріп жүрміз. Ал енді отандық телеарналардың өнерге арналған хабарлары жоқтың қасы, жалған айтып қайтеміз. Рас, бірді-екілі халықтық дәстүрдегі шығармашылық кештер, телешоулар көрсетіледі, жаңғыртылған (модерн) жаңаша ән-күй концерттері бар, алайда олардың танымдық яки эстетикалық құны бар деу қиын. Соған қарамастан ғылыми, концерттік маңызды жобалар іске асып жатыр. Ұлт музыкасына деген халықтың сүйіспеншілігін жою мүмкін емес, оның "рейтингі" бөлек әңгіме.

– Алдыңғы сұраққа орайлас ой қоссаңыз. Мұны айтпасақ болмас. Қазір барлығы заманауи тартыс, дәстүрлі тартыс, тіпті эстрадалық бағытта күй шертуді ілестіріп жатыр. Бұл қалай, қуанатын жағдай ма, күй өнеріндегі жанның қылын шертетін асаулық, нәзіктік, құлазу, мұң, сағыныш, арман деген әдемі ноталарды жойып жібермей ме?

– "Заманауи тартыс мәнері" деген ұғым бұрыннан бар, ол Кеңес заманында қалыптасқан білім беру кешенінің стандарттарынан туындаған. Қазіргі домбыра ұстап жүрген күйшілердің бәрі сол мектептің өкілі. Сондықтан жатырқаудың қажеті жоқ. Домбыраны "жаңаша тарту" ол да біздің тарихымыз болып қалды. Домбырамен орыс, еуропа композиторларының үздік туындылары орындалды. Домбыраға арналған нешеме пьеса-концерттер жазылды. Мұның бәрі жаңа заман мәдениеті еді. Солай десек те, қазақы күйшілік, домбыраны қоңырлата тарту, қосбасарлата шерту, ақжелеңдете толғау, кертолғаулата шер тербеу тоқтаған емес, себебі бұл – далалық өркениеттің үні, қағысында кие бар. Соны сақтау һәм кейінгіге жалғастыру қазақтың баба күйшілер алдындағы парызы. Күйдің тілі бөлек, ол адам тағдырындағы күйінішті де, сүйінішті де қос ішекпен емеуріндете алады, қысқасы, жас ұрпаққа ұстаздар қауымы осыны өсиет еткені абзал болар еді деп ойлаймын.

– Бір сұхбатыңызда «шалақазақтық күйге де келді» деп күйіндіңіз ғой? Осы ойды тарқата кетсеңіз?

– "Шалақазақтық күй өнеріне келді" деп айтқаным рас. Қазір де сол пікірімнен айнымаймын. Күй жарықтық ақын жазған ақ өлең секілді, оның өзіндік интонациясы, тынысы, буыны болады. Орындаушылық өнерде сахналық сүйкім қуам деп екпіндету, жат ньюанстар жасау арқылы күй табиғатын бұзып жүргендерді күнде көріп, ұшырасып жүрміз ғой, оның несін айта береміз. Дегенмен бұл да өткінші құбылыс болар деп ойлаймын. Бұқаралық музыка, шоу-тамашаның өкпек желі секілді ызғары да аз әрекеттердің бірі.

– Аға, ендігі бір сауал: «қазақ пен домбыра – егіз», «күй мен қазақ – егіз ұғым» дейміз. Дегенмен де, бізде күйді орындаушылық жақсы жүйеге қойылған сияқты. Ал күй шығаратын күйшілер жайында айтып өтіңізші? Өз жанынан күй тудырып жатқан жастардың күйі неге құлаққа сіңісті емес?

– Күй шығару – өнердің шыңы. Сазгерлік туа бітетін қабілет. Әсіресе күй саласындағы композиторлық жұмыс шығарушыдан табиғи қасиет қана сұрайды, ал енді кәсіби білікпен әуен құрастыра білу де бағалауға тұратын әрекет. Қазіргі шығармашылық аясында табиғи дарын мен кәсіби білім ұштасып жатса құба-құп болады деп ойлаймын. Ал енді алпыс екі тамырды иітетін таза күй халықтың жүрегіне қонақтайды. Мысалы осы дәуірде шыққан туындылардан - Төлеген Момбековтің "Салтанаты", Әбдімомын Желдібаевтың "Ерке сылқымы", Секен Тұрысбектің "Көңіл толқыны" талай буынның рухани байлығы болып ғасырдан ғасырға көшеді.

– Аға, сіз күй тарихын мәуелі сөзбен ұғындыра білетін майталман ұстазсыз. Әрбір күйдің шығу тарихы, кәдімгі жаратылыс бар. Бізге дейінгі күй ұғатын қазақ ә дегенде не түсінеді? Бірер күйдің тарихын айта отырыңызшы. Мәселен, Жошы хан туралы аңыз өте көп таралған. Сол күйдің тарихынан бір сыр тарқатып өтіңізші?

– Жаны қазақ, жүрегі қазақ адам Жошы хан туралы аңызда күйдің алғашқы тарауы тартылған сәтте-ақ «Менің балам Жошы өлген дүр ма» деп Шыңғысхан Кетбұғаға айтады ғой. Жалпы, күйдің шығуы, яғни тууы бөлек дүние. Ежелгі қазақ күйдің әуезін, сөзін, айтарын әріден ұғып отырған. Менің бір қуанатыным: кез келген қазақ күй тартыла қалса, елең ете қалады. Әсіресе, жастар аудиториясы ерекше сезіммен тыңдайды, ерекше екпінмен орындайды. Тағы бір қуанатыным: тартылып жатқан күйдің ескі немесе жаңа шыққан күй екеін аңғара алатындықтары.

P.S.Күйші Жанғали Жүзбайдан тағы бір естіп-білгеніміз: Құрманғазының атақты «Балбырауын» күйі жайында.

– Күй аңыздарына қатысты кейбір деректерде Браун деген кісінің баоына арнап шығарылған деген ұғым бар. Дегенмен, күйші Жанғали Жүзбайдың келтірген дерегі бойынша, қате айтылып, қате ұйғарылып кеткен күй аңыздары көптеп кездеседі дейді.

– Құрманғазының «Балбырауыны» бұл мына батыс өңірінде кең тараған күй. Бұл күй, аты айтып тұрғандай, тыңдаған жұрттың буынын босатып, алпыс екі тамырын жібітетін күй жанры. «Балбырауынды» тарту – атадан келе жатқан күй өнерінің салты. Мұндай күй тартылмайтын өлке жоқ Әр өңірдің өз «Балбырауыны» бар. Тәттімбеттің де «Балбырауыны» бар, Сүгір күйшінің де шынында адамды балбырататын тамаша «Балбырауыны» бар.

"Сондықтан күй тарихына талас көп, бірақ соны талдай алатын талғам керек" дейді Жанғали Жүзбай.

– Аға, көп сауал көкейде тұр. Әлі алда ораламыз. Сізге қазақ күйінің қара нары боп көтеріп жүрген жүгіңізді жеңілдетер шәкірттеріңіз көп болсын деп тілек қыламыз. Бүгінгі сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы