Күй тыңдап, құмыра жасайтын шебер

Түркістанда өз ауласынан шағын шеберхана ашып алған шебер тұрады. Оның қолынан шыққан әрбір туынды көне шаһарды қызықтап келген қонақтардың құнды бұйымына айналған. Шебердің түсінігінде балшық – бұл тек материал емес, оның әлеміндегі ең құнды ресурс. Ол өнерге жарты ғұмырын арнап, шабыт пен үйлесімділікті біріктіре алған санаулы адамның бірі. Содан да болар, үйіне іздеп келушілердің саны күннен күнге артып, оның туындыларына деген сұраныс азайған емес. BAQ.KZ тілшісі Абайхан Рысбаевтың шағын шеберханасына барып, шебердің қолынан шыққан туындыларымен танысып, оның ерекше өнер әлеміне бойлап қайтты.
Қыш құмыра жасау – қазақтың далалық өнері
Түркістанның Біржан сал атты орталық көшесінің бойында Абайхан Рысбаев есімді қолөнерші тұрады. Керамиканың хас шеберіне айналған бұл кісі қала тұрғындарына әбден таныс. Оның үйі – қолөнер әлеміне саяхат жасайтын орын іспеттес, себебі алыстан ат терлетіп келген туристер мен арнайы қонақтар үзілген емес. Ал аулаға кірген бойда екі бөлмелі жаздық асүйден шағын шеберхана жасап алғанын көруге болады. Біз барғанда, жаңа тапсырысын жасап отыр екен. Терезе кернеуінде тұрған радиодан "Жерұйық" күйі әсем үнмен ойнап тұрды.
Күй тыңдап жұмыс істеймін. Радионы әдейі осында орнатып қойғанмын. Себебі қазір тазалық радиода ғана қалды ғой. Теледидар, смартфон дегеннің барлығы былғанды, - деп сөзін бастап кетті шебер.
Шебердің айтқанында терең мағына жатыр. Ол үшін қолөнер мен күй – бірін-бірі толықтыратын өнердің екі қыры, бірі екіншісінен шабыт алады. Әр жұмысында қазақтың дәстүрлі рухын сезіну қиын емес. Шебердің күй тыңдап отырған көрінісін көргеннен соң, әңгімеміздің эстетикалық талғамы жоғары болатынын сезініп, жайғастық. Әрбір әдемі деталь, әрбір үннің саздары бізді шеберхананың ерекше атмосферасына еніп, қолөнердің құпиясына жақындата түскендей болды.
Шеберхана осы. Сендер үшін топырақ, балшық болып көрінген дүние бізге қазына. Айналаң лас секілді көрініп тұрған болар, бірақ бұл шығармашылық процесс. Дұрыс түсінерсің деген үміттемін, - деп, шебер орындық ұсынды.
Шығармашылық хаос. Осы қалпында мінсіз көрінді. Аядай ғана екі бөлменің әр бұрышында қолөнердің эстетикасы қатталып қалған. Топырақ пен балшықта да осыншалық тазалық болатынын алғаш рет сезіндім. Әр бөлшегі, әр бұрышы, әрбір құмыра мен керамикалық туынды өз орнын тапқандай еді. Бұл жерде әрбір заттың, әрбір қадамның өзіндік мәні бар, олар бір-бірін толықтырып, тұтас бір дүние құрап тұрды. Солай әңгімемізді бастап кеттік.
Абайхан Рысбаев Түркістанға жақын маңдағы Майдантал ауылында өскен екен. Ол алғашында қолдан ойыншықтар жасауды ермекке айналдырғанын айтады. Содан оның мүсінге, шеберлік өнерге деген әуесі 4-5 жасында басталған. Ең алғашқы балшықтан бұйым жасау тәжірибесі әпкесінің өтінішімен жүзеге асқан. Сол жұмысымнан кейін саз балшықпен ойнауды әдетке айналдырғанын айтады.
.jpeg)
Өзіммен тете әпкем қуыршақтармен ойнайтын. Сол қолдан жасалған ойыншықтарымен бір отбасын жасақтап алды. Сөйтті де маған қаңырап тұрған «қорасына» мал жасауға тапсырыс берді. Ауылдың шетінде артезиан құдық болатын. Соның маңында саз бар. Сазды алып қой-қошқар, сиыр, түйе жасап бердім. Ол ойыншықтардың қаншалықты ұқсағаны есімде жоқ. Бірақ әпкем ерекше мақтанатын. "Менің қойым, сиырым, түйем бар!", деп шын малы бардай көретін. Менің керамист болуыма сол бала кездегі ойындар ықпал етті, - дейді шебер.
Біртін келе мектеп қабырғасында жүргенде сурет салуға қызыққан. Қиял мен қылқаламды үйлестіруден алда болып, мектебінің суретшісі атанған. Асан Бижанов есімді суретші немере ағасына еліктеп, суретші болуды армандаған. Алайда ол арманы орындалмай, 1979 жылы Алматыда көркем сурет училищесінің жаңадан ашылған керамика факультетіне оқуға түскен. Содан бері саз балшықпен достасып, шебер атанғанына 50 жылға жуықтаған. Оның шығармашылықтағы ең басты ұстанымы – әр туындыда ұлттық нақыш айқайлап тұруы тиіс.
Шеберді басқа шеберден ерекшелеп тұратын жалғыз нәрсе – ұлттық нақышы. Қолөнершілердің барлығы патриот. Олай болмасқа амал жоқ. Егер сен өз еліңнің рухани құндылықтарын, болмысын бойыңа сіңіре алмасаң, алақаныңнан оңды дүние шықпайды, - дейді Абайхан Рысбаев.
Шебер қыш құмыра жасап, саз балшық илеу қазақтың дәстүрлі қолөнерінің бір бөлігі екендігін айтады. Бүгінгі таңда ол арнайы археологтармен байланысып, көне ғасырға тиесілі ерекше құмыра сынықтарын жинауды әдетке айналдырған. Себебі ертедегі керамикалық өнердің көп қырлылығы оны қатты қызықтырады. Әсіресе, сиволдық нышандар мен қазақ болмысына сай өрнектерді зерттеу оның сүйікті ісі.
Керамика – ең таза, ең көне өнер. Балшық та боласың, кір де боласың, соңында әдемі дүние жасап шығасың. Қолөнер қазақтың қанында бар кәсіп. Бұл – даланың қасиеті. Байқағаныңыздай, мен ерте дәуірдегі қыш құмыралар мен тостағандарды қайта жаңғыртумен айналысамын. Әлі күнге дейін өңін бермей тұрған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қыштары әлемнің көптеген шеберлерін таңқалдырады. Себебі, кесене өте жоғары талғаммен жасалған. Орта ғасырда мұндай өнер қайдан пайда болды? Маған осы сұраққа жауап іздеу сондай қызық, - дейді, шебер.
Таза адам ғана топырақпен алысады
Абайхан Рахманбердіұлы бүгінде 5 қыз, бір ұл өсіріп отыр. Бір қызы әке жолын қуып, керамист атанған. Ал жалғыз ұлын керамикаға қанша баулыса да, бұл өнерді бойына сіңірте алмапты.
Ұлымды қинап керамикаға түсірдім. Оқып шықты. Бірақ өнерді сүймесе, бәрі бекер екен. Сол жерден қателескенімді кейін түсіндім, - дейді шебер.
Қолөнер тек дағды мен білімді емес, жүрекпен сүйуді талап ететін өнер екенін Абайхан ағамыз жақсы түсінеді. Оның айтуынша, өнерге деген шынайы махаббат – ең басты нәрсе. Себебі саз балшықты ермек еткен адамның психологиясы сау болады. Әр айналым төзім мен шыдамдылықты талап ететіндіктен, ерекше терапия береді екен.
Адам саз балшықтай иіліп, кішіпейлі болуы тиіс. Таза адам ғана топырақпен алысады. Өйткені бұл өнердің машахаты көп. Асқан шыдамдылық пен үйлесімді талап етеді. Керамика тек балшықты ермек ету емес. Бұл салада ерекше талғам, сұлулықты көре алатын түйсік болмаса, мың жерден жақсы меңгерсең де, таңқалдырарлық дүние жасап шығара алмайсың. Әрбір туынды, әрбір шығарма тек шебердің қолынан емес, жүрегінен шығуы қажет, - дейді Абайхан шебер.
Қазіргі таңда, шеберді қатты толғандыратын мәселе – "ұрпақтар сабақтастығы". Атадан балаға мұра болып қалатын тағлымды жолдан ажырап кеткенімізді айтады. Себебі қолөнер шебері отырықшы мәдениетке тән кәсіп. Оны орта ғасырдан-ақ, үлкен өнерге бағалаған.
Ұлым үйленсе, немеремді осы салаға үйретемін деп бекініп отырмын. Көрші өзбек мәдениетін алып қарасақ, олар қолөнер саласында ұрпақтар сабақтастығын қатты қадағалайды екен. Яғни атадан балаға, баладан немереге дәстүрлі мұра болып қалады. Әр шебердің өзіндік методикасы, ешкіммен бөлісе бермейтін құпиясы болады. Соны ұрпағы үйреніп, алып қалуы тиіс, - дейді шебер.
Абайхан шебер үшін қолөнер – тек кәсіп емес, ұлттық мұра, ұрпақтан ұрпаққа жететін ерекше құндылық. Оның айтуынша, әр шебердің әдіс-тәсілі өзінің ұрпағына берілуі тиіс, өйткені бұл өнердің шыңы, оның дәстүрлі мәні мен тереңдігі осында жатыр.
Түркістандық шеберлерді не алаңдатады?
Абайхан Рысбаев үйінен шеберхана ашуға мәжбүр болғанын айтады. Себебі бұрын өзімен бірге 20 қолөнерші отыратын арнайы ғимарат Түркістан қаласында болған. Алайда 2018 жылы қала облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін "ғимарат тапшылығы" деген себеппен әкімдік қолөнершілер мектебін алып қойған. Содан барлық затын жинап, ауласының алдынан шағын шеберхана жасап алған.
20 шебер сол орталықта жұмыс істедік. Ол орталықты Асхат Мырзахметов деген азамат рухани шаһарда қолөнершілер орталығы болуы қажет деп көтеріп, құрған болатын. Кейін Түркістан облыс орталығы болып, әкімдіктің бөлімшелеріне ғимарат жетпей қалғандықтан, бізді ығыстырып шығарды. Қазір сол ғимарат тамақтанатын орынға айналыпты, іштей күрсіндік те қойдық, - дейді шебер.
Содан бері ғимарат жағдайы әлі де күрмеуі шешілмеген мәселеге айналған. Енді «Қолөнершілер қаласы» деген арнайы статусты алып, арнайы салынып жатқан қалашықтан орын аламыз ба дегенде тағы да шеберлердің алқымы басылды дейді Абайхан Рысбаев. Себебі жаңадан салынған ғимараттың ақылы талабы мен қағидасы шеберлерге біршама салмақ түсіретін көрінеді.
Жаңадан салынып жатқан қолөнер қалашығын жақсы дәріптеп жатыр. Алайда бізде әлі де күмән бар. Бастапқы кезде шеберлерге берілетін орынның квадратын 5 мыңнан қоймақшы болды. Біз одан түбегейлі бас тарттық. Сосын «Түркістан қолөнершілерінің деңгейі жетпейді. Басқа елден шеберлерді алдыртамыз» деген сыбыс шықты. Бұл менің ойымша қылдай қиянат. Түркістанда бұрыннан қызмет етіп келе жатқан мықты шебер көп. Бәлкім, саяси тартыс шығар, не болса да шығармашылық адамының сағын сындырумен тең дүние. Соңын күтудеміз, - дейді, Абайхан Рысбаев.
Абайхан шебер үшін қолөнершілердің қадір-қасиетін түсінбеу және олардың жұмысын сырттан келгендермен алмастыру – шығармашылық әлеміне жасалған үлкен қиянат. Оның пікірінше, Түркістанның қолөнершілерінің шеберлігі мен дәстүрі ешкімнен кем емес, тек оларды бағалауды, құрметтеуді естен шығармау керек. Қолөнердің дамуы мен қолөнершілердің болашағы осыған байланысты болмақ.
Біз қазіргі уақытта талантты, танымал қолөнершілерді жоғалтып алдық. Менің кезімде олар өз өнерін жастарға үйрететін. Ал қазір олар тіршілік қамымен жүр. Мен өнерімді кәсіпке айналдыруды қаламаймын. Қолымнан шыққан әрбір дүниеге бар махаббатымды салып жасаймын. Кейде сатуға қимай қалатын кездерім де болады, - дейді шебер.
Абайхан Рысбаев қазіргі таңда Түркістан қаласындағы қолөнершілер колледжінде сабақ беріп жүр. Ол бүгінгі ұрпақтың қолөнерге қызығушылығы мен сезімі төмендеп бара жатқанын атап өтті. Қолөнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін оны тек кәсіп емес, жүректен шыққан өнер ретінде қарастыру қажет. Шебер сол арқылы қолөнердің болашағын сақтап, оның мәдени мұра ретінде дамуына ықпал етуге болатынын айтады.