Кувейт компаниясы елдегі білім мен денсаулыққа инвестиция салуды қарастыруда

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарушы директоры Азамат Қожанов Қазақстанға инвестициялық мүмкіндіктерін зерттеу үшін келген Кувейт инвестициялық компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммад Әл-Алимен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында Ә.Қуантыров Қазақстан мен Кувейт арасындағы инвестициялық қарым-қатынастарды, оның ішінде екіжақты инвестициялық ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияға қол қою арқылы тереңдетуге дайын екенін жеткізді. Министрдің орынбасары инвестициялық ахуал, мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып, білім мен денсаулық сақтау салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктерге кеңінен тоқталды.

Өз кезегінде Ю.Мұхаммад Әл-Али Қазақстанмен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге жоғары қызығушылық танытып, ұзақ мерзімді экономикалық өсім үшін білім беру және денсаулық сақтау сияқты негізгі салалардың тұрақты дамуының маңыздылығын атап өтті. Ол Кувейт инвестициялық компаниясының халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және адами капиталды нығайтуға көмектесетін әлеуметтік жобаларға ерекше назар аударатынын баса айтты.

Кездесу соңында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыру ниетін растап, кувейттік компания жүзеге асыруға арналған перспективалық жобалар туралы ақпарат алмасуға келісті.

Анықтама: Кувейт инвестициялық компаниясы – 1961 жылы құрылған және Кувейт Мемлекетіндегі жетекші инвестициялық компаниялардың бірі. Ол активтерді басқару, инвестициялық кеңес беру, брокерлік, қор мен портфельді басқару қызметтерін қоса алғанда, қаржылық және инвестициялық қызметтердің кең спектрін ұсынады. Компания өз клиенттерінің активтерін әртараптандыруға және тұрақты өсуге ұмтыла отырып, жергілікті және халықаралық инвестицияларға белсенді қатысады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы