Құтқарушылар 3 күн бұрын жоғалып кеткен ер адамды тапты
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысының Ұлытау ауданында 3 күн бұрын жоғалып кеткен ер адам иен даладан аман-есен табылды. Құтқару-іздестіру тобы ер адамды медицина мекемесіне жеткізген.
11 маусым күні Ұлытау ауданы, Амангелді ауылдық округінің 1943 жылғы тұрғыны белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Ер адамның жоғалғандығы жайлы xабарлама Қарағанды облысының құтқарушыларына 12 күні түскен.
«Ауыл тұрғынының жоғалып кеткендігі жайлы xабарлама түскеннен кейін облыстық төтенше жағдайлар қызметі іздеу-құтқару қызметінің, жергілікті атқарушы органдар өкілдерінен және жоғалған адамның туыстарынан құралған арнайы топпен іздеуге шықты. Сонымен қатар, іздеу шараларына «Евразия Эйр» ЖШС-нің тікұшағы тартылды. 13 маусым күні 18 сағат 42 минутта жоғалған ер адам табылды. Даладан табылған тұрғынның жағдайы қалыпты. Ол үш тәулік бойы далада болған», - дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.
Оның айтуынша, 76 жастағы ер адамға қажетті медициналық көмек көрсетілу үшін ол тікұшақпен Жезқазған қаласындағы ауруxанаға жеткізілген. Қазіргі уақытта құтқарылған адамның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр.