Құтқару қызметінде әлсіздерге орын жоқ

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде жыл сайын 19 қазанда Құтқарушылар күні аталып өтеді. Құтқарушылардың жұмысы күнделікті өмірде көпшілікке көріне бермеуі мүмкін, бірақ төтенше жағдайда қалған адамдар үшін олар нағыз қаһарман. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз 15 жылдан бері құтқарушы болып жұмыс істеп келе жатқан Алматы қаласы Құтқару қызметі Авариялық құтқару тобының маманы Болатбек Сүлейменов.

Құтқарушы сұхбат барысында күнделікті өмірде қандай апатты жағдайлармен бетпе-бет келетінін және қиындықты қалай еңсеріп жатқандарын айтып берді. 


Алматы еліміздегі ең үлкен қала болғандықтан, күнделікті небір оқыс оқиға болып тұрады. Сондықтан 2001 жылы қала әкімдігі тарапынан Құтқару қызметі құрылған. Биыл бұл ұйымға 20 жыл толады. Осы жиырма жыл ішінде құтқарушылар талай адамды құтқарып, төтенше жағдайда қалғандарға көмек көрсетті. 

Тау әдемі болғанымен, онда қауіп бар

Болатбек Сүлейменовтің айтуынша, құтқарушылардың негізгі жұмыстарының бірі - тауда адасқан адамдарға көмектесу. Өйткені Іле Алатауы қалаға жақын орналасқан, оның үстіне қазір тауға шығу туризмі жақсы дамып келеді. Тауға шығушылар қатары артқанымен, ол жерде адасып кету жағдайы көбейген. Ондай кезде құтқарушылар көмекке келеді.

Алматыға келетін қонақтар мен тұрғындар тауға жиі шығады. Туристердің көпшілігі таудың жағдайын дұрыс білмегендіктен және ауа райын болжай алмағандықтан, адасып қалып жатады. Тауда ауа райы құбылмалы, тез өзгеріп тұрады. Оның үстіне туристер жылы киім алмай, тауға шығып кетеді. Кейін төтенше жағдайға тап болғанда, біздің көмегімізге жүгінеді, - дейді ол. 


Оған қоса қала ішінде де күн сайын небір апатты жағдайлар болып тұрады екен. Құтқарушы бір тәулікте 10-нан 20-ға дейін шақырту болып тұратынын айтады. Ірі жол апаты, топырақтың ойылып түсуі, су деңгейінің көтерілуі мен көшкін, тұрғын үйлер мен өндірістік ғимараттардағы жарылыс, ірі өрттер болып тұрады. Алматылық құтқарушылар осындай және өзге де төтенше жағдайлар кезінде көмекке келеді.

Автокөлік апаты кезінде адамдар көлік ішінде жаншылып, қысылып қалады. Ондай кезде біздің қызметке жүгінеді. Одан бөлек қалада жалғызбасты адамдар көп, олар ауырып, есіктерін аша алмай қалады. Кейде есік құлпы бұзылып,адамдар үй ішінде немесе сыртында қалып қояды. Тіптен саусағындағы сақинасы қысып, шықпай қалса да, бізді шақырады. Арасында өрт болған жерлерге де шығып тұрамыз, адамдарды қауіпсіз жерге көшіруде немесе есіктерді ашып беру үшін шақырады. Кейде ойнап жүрген балалар ағаш, темір арасына қысылып қалып жатады. Ол кезде де біз көмекке келеміз. Ал жазда Сайран көлі маңын торуылдаймыз. Демалушылардың кейбірі өз шамасын бағамдай алмай, суға батып кетеді. Сондықтан жаз бойы көл маңында кезекшілік етеміз, - дейді Сүлейменов. 
Құтқару қызметінде әлсіздерге орын жоқ

Құтқарушы бұрын көлік апаты жиі болғанын, қазір көшелерде камераның көбеюімен көлік апаты саябырсығанын айтады. Дегенмен балалардың терезеден құлауы және тағы басқа оқыс жағдайлар бойынша шақыртулар түсіп тұрады екен. Құлаған бала кейде жерге түспей, бір жерге ілініп қалады немесе төбенің жабындыларында тұрып қалатын көрінеді. 


Құрылыс барысында да түрлі оқыс жағдайлар болады. Бірде құрылыс алаңынан жұмысшы құлап кетіп, 20 мм арматура темірі санын тесіп өтіп, қабырға тұсынан тағы кіріп арқасынан шыққан кез болған. Біз барғанда нысанның күзетшісі «ештеңе болған жоқ» деп бізді кіргізбей қойды. Кейіннен №12 қалалық ауруханаға бәрібір бізді шақырды. Ол жігіт тірі жатыр екен. Бойындағы темірді дәрігерлер шығара алмаған, бізге сол темірді бөліп беріңдер деді. Мұндай жантүршігерлік жағдайлар болып тұрады, - дейді ол. 

Алматы қаласы Құтқару қызметінің Әуеде іздеу-құтқару тобы бар. Ол адамдарды іздеу және құтқару, шығуы қиын таулы аудандардан зардап шеккендерді жедел көшіру жұмысымен айналысады. Сонымен қатар МИ-8 деген екі тікұшақ сел және өрт қаупі бар жерлерге бақылау жүргізеді. Кәсіби және жоғары білікті қызметкерлер мен қажетті саймандары және құрал-жабдықтары бар десантшы-құтқарушылар штаты Алматы аймағының кез келген орнына жедел шұғыл көмек көрсету үшін өте қысқа мерзімде жетіп келуге дайын.

Оған қоса бірыңғай диспетчерлік қызметі бар. Диспетчерлер бір тәулікте «109» нөміріне түскен 350-400-ден астам қонырауға жауап береді екен. Авариялық құтқару тобында 70-тен астам құтқарушы жұмыс істейді екен. Жұмыс төрт ауысымды. Бір тәулікке 22 құтқарушы кезекшілікке түседі. 


Жұмыс күніміз таң атпастан басталады, сағат 8-де ауысым болады. Бір тәулік жұмыс істеп, үш күн демаламыз. Бір ауысымдағы кезекшілікке 22 адам түсеміз. Сөйтіп бір тәулік бойы түрлі шақыртуларға барамыз. Кезекшілікті қабылдау барысында техниканы, көлікті қабылдап алып, техника қауіпсіздігін бір тексеріп шығамыз. Кейде жұмысқа келе салып, шақыртумен шығып кетеміз. Шақыртулар күні-түні бола береді. Кезекшіліктен тыс күндері тауға барып оқу-жаттығуларын өткізіп тұрамыз. Әсіресе таудағы соқпақ жолдарды жаттаймыз, түнде адасып кетпейтіндей болуымыз керек. Адамды құтқаруға барып, өзіміз адасып кетіп жатсақ, дұрыс емес қой, - дейді құтқарушы.
Сонымен қатар ол әрдайым дайындық үстінде жүретіндерін, тек физикалық емес, психикалық жағынан да дайындықтан өтетіндерін айтады. Өйткені құтқарушылар неше түрлі жағдаймен бетпе-бет келеді, ондай кезде абдырап тұрып қалмай, шұғыл әрекет ете білуі керек.  
Жалпы бұл қызметке қатаң іріктеуден өткен адамдар алынады. Өйткені бізді психикалық тұрғыдан дайындайды, сабақтар өткізіліп, тест тапсырамыз. Адам өлімі және басқа да қайғылы жағдайда сасқалақтап, үрейге бой алдырмай, салқынқанды болуымыз керек. Өзіміздің психологтар жыл сайын тексерістен өткізіп отырады. Көлік апаты кезінде миы шашылып, еті туралып қалған жағдайлар болады, оның барлығына қалыпты қарап, жұмысымызды істеуіміз керек. Яғни құтқарушының жүйкесі мықты болу қажет. Бір сөзбен айтқанда құтқарушылық қызметте әлсіздерге орын жоқ, - дейді ол.
Естен кетпес сәт

Кейіпкеріміз жұмысы төтенше жағдаймен байланысты болғандықтан, жұмыс барысында қызықты сәттер сирек болатынын айтады. Дегенмен арасында қызықты жайттар болып тұрады екен. Жақында бір көшенің тұрғындары хабарласып, шам бағанына өрмелеп шыққан мысықтың, түсе алмай тұрғанын айтқан. Құтқарушылар қызметінде жануарларды құтқару қарастырылмаған екен, бірақ тұрғындардың өтініші бойынша әлгі марғауды шамның басынан түсіріп беріпті. 


Сондай-ақ Сүлейменов қауырт жұмыс барысында күлкілі жағдайлар ара-тұра болып тұратынын айта келе, басынан өткен бір қызықты оқиғаны баяндап берді. 

Осыдан бірнеше жыл бұрын бір үйдің терезесінен кіріп, ішінен есігін ашып беруім керек болды. Егде жастағы әйел үйінен бірнеше күн шықпай қойыпты, көршілері алаңдап, бізге есікті ашып берулерін өтінді. Өйткені ол кісі есік қағып, қоңырау шалса да, жауап бермеген. Айтуларынша жалғызбасты әйел зейнетке шыққан соң күйзеліске түсіп, өзгеріп кеткен. Үйіне қоқыстарды жинай береді екен. Үйдің іші сасық, демалу мүмкін емес деген соң, қасымдағы бір әріптесімізге противогаз кигізіп, сол жердегі учаскелік полиция көрсеткен терезеден кіргізіп жібердік. Содан әлгі терезеден кірісімен жоқ болып кетті, бір кезде түсті. Сатымен түсіп келе жатып бірдеңені айтып жатыр, оны біз түсініп тұрған жоқпыз. Сөйтсек біз оны басқа пәтердің терезесінен кіргізіп жіберіппіз. Құтқарушы противогазбен кіргенде алдынан кемпір мен шал шыққан, олар ондайды күтпеген ғой, қорқып қалыпты. Ол болса, есікті неге ашпайсыңдар деген, олар түсінбеген, сондай бір қызық жағдай болған, - дейді құтқарушы. 
Одан кейін противогазды біздің кейіпкер өзі киіп, әлгі әйелдің нақ өзінің үйіне кіріпті. Балконнан кіріп, есікті ішке итерсе, жиналып қалған қоқыстың көптігінен есік бірден ашылмапты. 
Әрең дегенде ішке кірсем, қап-қараңғы, ақша төленбегендіктен, жарықтың бәрін өшіріп тастаған. Қоқыс деген тау болып үйіліп жатыр, ананы көргенде бойымды бір үрей биледі. Өйткені дені дұрыс адам мұндайды жасамайды ғой, артымнан атып шығып, бірдеңемен ұрып жүрмесін деген ой келді. Жүретін жер жоқ, құдды бір таудың арасында саймен келе жатқан сияқтысың. Оның үстіне противогаз киіп алғам, қайта-қайта артыма жалтақтап қарай беремін. Алдыға басып жүріп келемін, ешкім көрінбейді. Бір кезде соқпақ жолым екіге айырылды. Содан қараңғы жаққа қарай бет алдым, өйткені есік сонда болу керек деп шештім. Қалтамдағы телефонның жарығын қосып, есікті әрең аштым. Есікті ашқан соң аздап жарық түсті, қарасам ол кісі екіге бөлінген жолдың арғы бетінде жатыр екен. Кейіннен полиция қызметкерлері, сол жердегі адамдар кіріп, халін білді. Тірі екен, бірақ «маған ештеңе керек емес, есікті ашып кіруге кім рұқсат берді» депті. Білуімізше, ол кісі о дүниеге кеткісі келіп, соған дайындалып жатқан екен, - дейді Сүлейменов. 


Алматы қаласы Құтқару қызметі жерде, әуеде, суда құтқару жүргізеді. Оған қоса арнайы үйретілген иттері де бар. Құтқару қызметінің кинологиялық тобы арнайы оқытылған иттердің көмегімен жоғалған адамды табуға көмектеседі. Соның ішінде қар астында қалған, тауда адасып кеткен адамдарды іздейтін көрінеді. 

Сондай-ақ Алматы тауларында биыл адамдар адасып кетеді-ау деген жерлерге алғашқы көмек ретінде паналау орындарын тұрғызылған. Ол жерде жылынуға болады, дәрі-дәрмек пен телефонды қуаттау сияқты алғашқы көмек те қарастырылған. 

Тауға шығатындарға кеңес

Құтқарушы сөз арасында қала тұрғындары мен қонақтарына тауға шығар алдында нені ескеру қажеттігін түсіндірді.

Тауға шыққан адам төтенше жағдайда қалмас үшін алдымен қай бағытты бетке алғанын туыстарына немесе достарына айтып, ескерткені жөн. Өйткені бағытын айтып кеткен адамды іздеп табу оңай болады. Одан кейін оттық, жылы киім, телефонның қосалқы қуаттарын алып шыққаны дұрыс. Тауға шыққан адам өз күшін бағамдай білу керек, тым ұзап кетпей және мейлінше жалғыз шықпағаны жөн, - дейді ол. 


Құтқарушылар жыл сайын тауда адасқан бірнеше адамды құтқарып, аман алып қалады екен. Ал аман қалған адамдар өз кезегінде құтқарушыларға ризашылығын білдіріп, тіптен жұмысына іздеп келіп, алғыс айтып жатады екен.

Адамдарды құтқарып, аман алып қалған жағдай өте көп болып тұрады. Сәйкесінше адамдар алғыс айтып, ризашылығын білдіріп жатады. Жақында бір қыздарды құтқардық, біраз уақыт өтіп, естерін жиған соң әлгілер торттарын әкеліп, алғыстарын білдіріп жатыр. Кейбірі әлеуметтік желіде біз жайлы пост жазып, бір марқайтып қояды, - дейді құтқарушы. 
Алматы қаласы табиғат жағынан болсын, төтенше оқиғалар жағынан болсын, басқа аймақтарға қарағанда алдыңғы орында. Құтқарушылар тобы әртүрлі деңгейдегі құтқару қызметтерін тәулік бойы атқарады. Олар қызметтік мүмкіндіктері, әртүрлі құтқару және арнайы құрал-жабдықтары және кәсіби дайындығы арқасында кез келген оқиға болған жерге жылдам жетіп, бірінші болып қызмет көрсетуге тырысады. Осындай ерлік иелерін бүгінгі кәсіби мерекелерімен құттықтап, істеріне сәттілік тілейміз!
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы