«Күштеп ұстап отыр» деген ресейлік ешкімге ешқандай кінә артпайтынын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Күштеп ұстап отыр» деп бейнежазба түсірген ресейлік өз әрекетін түсіндірді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында өзін Ресей Федерациясының азаматы Алексей Котов деп таныстырған азаматтың Қарағанды облысында «күштеп ұстап отыр» деген бейнежазбасы анықталды.
Аталған бейнежазбаға байланысты қылмыстық іс тіркеліп, ақпаратты тексеру мақсатында жедел-тергеу тобы оқиға орнына шыққан. Полиция қызметкерлері Шет ауданында шаруа қожалығының иесі және Котовтың өзі анықтады.
Ресей елшілігі өкілдерінің қатысуымен Котовтан жауап алу барысында ол шаруа қожалығының аумағында өз еркімен жұмыс істегені, қолында ұялы телефонының болғаны және кез келген уақытта шаруа қожалығының аумағынан кетіп қалуға мүмкіндігінің болғанын айтты.
Шаруа қожалығының иесіне қарсы арыз жазудан Котов бас тартып, ешкімге ешқандай кінә артпайтынын және бейнежазбаны үйіне қайту үшін жазғанын түсіндірді.