Құсбегілер мәселесі талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен «Құсбегілік спортының Қазақстан Республикасында және шет елдерде дамуы» атты жиын өтті.
Жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы, Ұлттық және ат спорты орталығы, облыстардың құсбегілік бойынша өкілдері, Ұлттық спорт президенті Бекболат Тілеухан мен Құсбегілік федерациясының жаңадан тағайындалған басшысы Берік Уәли қатысты.
Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық спорт қауымдастығына 6 федерция қарайды. Көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, бәйге түрлері. Солардың бірі – құсбегілік федерациясы. Құсбегілік – ұлттық спорттың ішіндегі ең маңыздысы. Ежелден бері жыртқыш құстармен аң аулау ұлттық ойындардың элиталық түрі болып саналады. Қыранның тәуелсіздік пен бостандықтың символы ретінде Қазақстан Республикасының туында бейнеленуі тегін емес. Ұлттық тәрбие берудегі қыран құстың атқаратын рөлі зор – деді Бекболат Тілеухан.
2010 жылдардан бері ауыл, ел, аймақтың арасындағы құсбегілерімізді халықаралық деңгейге шығарайық, еліміздегі құсбегілік спортын дамытайық, әлемге танытайық деген мақсатта сонау 2013 жылы Құсбегілер фестивалі Ақмола облысында, осы Нұр-Сұлтан қаласы маңында өткен болатын. Осыдан 2-3 жыл бұрын Алматы облысында 10 елдің спортшыларының қатысуымен Азия чемпионаты өтті.
Әлемдегі, елдегі пандемиялық жағдайға байланысты көптеген іс-шараларымыз өтпей қалды. Алдағы уақытта жағдай түзеліп жатса, құсбегілік спортын дамыту қарқыны жоғарыламаса, төмендемейді деген сенімдеміз – деді қауымдастық президенті.
Қауымдастық құрамындағы басқа да спорт түрлері де айтарлықтай дамып келеді.
Осы күнге дейін аударыспақ, теңге ілу, жамбы атудан Азия, көкпардан Әлем чемпионаттары өткізілді. Жақында ғана жамбы атудан Иранның Тегеран қаласында өткен 16-шы Әлем чемпионатында біздің мергендеріміз 1 алтын, 2 күміс медальмен оралды. Жамбы атудағы «Қазақ стилі» халықаралық бағдарламаға қосылып жатыр. 12 ел мүшелікке енген Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының штаб-пәтері бізде орналасқан. Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының алғашқы толыққанды мүшесі ретінде біз қазіргі уақытта ортаазиялық комитетті басқарып отырмыз. Осы атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі – болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан дүниелер – деді Бекболат Тілеухан.
Ол осы тәрбиені ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, жас буынның санасына сіңіру – біздің алдымыздағы басты міндетіміз екенін айтты.
Бүгінгі жиналыстың басты мақсатымы – құсбегілік спорты бойынша жұмысты бір жүйеге келтіру.
Жиын барысында құсбегілік төңірегінде бірқатар мәселе талқыланды.