Құсбегілер арасында Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы турнир басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорда маңындағы Софиевка ауылында Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы дәстүрлі құсбегілер турнирі басталды.

Екі күнге жалғасатын айтулы саятшылыққа еліміздің барлық өңірінен 30-ға жуық бүркіт, 10-нан астам қаршыға, ителгі, сұңқар келген.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан айтулы саят осымен 5-рет өткізіліп отыр.

Саятшылық турнирінің ашылу салтанатына Құсбегілік федерациясының презиенті Берік Уәли, Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай және Ақмола облысының, Нұр-Сұлтан қаласының спорт басқармаларының басшылары, ардагер құсбегілер мен Күнтуған Тоқтыбайұлының ұрпақтары қатысты.

Турнирді өткізудегі басты мақсатымыз – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар, Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерді орындау. Оның сыртында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бұқаралық спортты дамытуға қатысты тапсырмаларын орындап, жас ұрпаққа ұлтымыздың ұлық өнерін дәріптеу. Бұған дейін өткен турнирлер халықаралық деңгейде өткен болатын. Биылғы турнирге пандемияға байланысты өзге елдің құсбегілері келе алмады – дейді турнирдің ұйымдастырушысы, Күнтуған Тоқтыбайұлының ұлы Базарбек Күнтуған.

Ашылу салтанаты кезінде сөз алған Құсбегілік федерациясының басшысы Берік Уәли жиналған қауым мен турнирге қатысушы құсбегілерге алғыс айта отырып, алдағы уақытта да мұндай сайыстар жалғасын табатынын атап өтті.

Құсбегілік сайысында саятшылар бүркіт, қаршыға, ителгі, сұңқар қатарлы аушы құстардың өнерін сарапқа салады.

Алғашқы күні құсбегілер бүркітті қолға шақыру, еркін ұшыру; қаршығаны қолға шықыру, ителгіні қолға шақыру сайыстарын өткізеді.

Екінші күні бүркітті шырғаға салу, қоянға салу, қаршығаға қоян ілдіру және ителгіні қоянға салу қатарлы жарыстарда өз бақтарын сынайды.

Екі күнге жалғасатын сайыста еліміздің 11 облыс, екі қаласынан барлығы 30 бүркіт, 7 ителгі, 5 қаршыға турнир көркін кіргізетін болады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы