Құс саңғырығын кәдеге жаратқан отандық ғалым жайлы не білеміз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде құс саңғырығын қайта өңдеуге арналған заманауи микроорганизмдер биотехнологиясы зертханасы жұмыс істеп тұр.


Аталмыш зертханаға 2017 жылы құрылған. Бұл жерге 125 литрге арналған автоматты ферментер мен жалпы көлемі 1000 литр болатын биореакторлар орналастырылған. Бұл технологиялық кешеннің артықшылығы сол, айына 5000 литрге дейін сұйық биологиялық өнімдерді Agro-MIX, Compo-MIX және Agrarka брендтерімен өндіруге қауқарлы.

2017 жылы биология ғылымдарының докторы, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың топырақтану және агрохимия кафедрасының профессоры Науанова Айнаш Пахуашқызы биотехнологиялық зерттеу саласындағы ғылыми әзірлемелерді коммерциализациялау үшін Дүниежүзілік банктің грантын жеңіп алған болатын.

Осылайша, «Өнімі мол инновациялық жобаларды ынталандыру» жобасы аясында «BIO-KATU» ЖШС стартап-компаниясы құрылады. Кіші жобаның атауы - «Отандық биологиялық жаңа өнімдерді қолдана отырып құс саңғырығын органикалық био тыңайтқышқа айналдыру және өсімдік шаруашылығына енгізу» деген мақсатта болды.


«BIO-KATU» ЖШС ауылшаруашылық, құс және мал шаруашылығында шығарылатын қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу мәселелерін ғылыми тұрғыда шешу мақсатында құрылды. Осылайша, биотехнология саласындағы отандық технологияларды әзірлеуге және енгізуге бағытталған инновациялық стартап-компания ретінде жұмысқа кіріскен.

Қазіргі таңда іске асырылып жатқан кіші жоба шеңберінде «БИО-КАТУ» ЖШС-нің дамуы ерекше қарқын алып отыр. Бұл тиімділігі жоғары микроорганизмдер негізінде құрылған биологиялық өнімдерді қолданып құс саңғырығын органикалық тыңайтқышқа айналдырудың технологиялық процесі.

Жобаның негізін қалаушы Айнаш Науанова айтқандай, «BIO-KATU» ЖШС зертханасында тек биологиялық өнім өндіруге ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулер жүргізуге қажетті барлық негізгі микробиологиялық жабдық бар.


Олардың қатарында биологиялық қауіпсіздік шкафы, микроорганизмдерді өсіруге арналған термостаттар, автоклавтар, түтін сорғыш, дистиллятор, аналық тіндерді өсіруге арналған аппарат, дисплей шкафтары, микрофильтрациялық модулі бар мұздатқыш, кептіргіш, колониялық есептегіш, аналитикалық таразы, микроскоп, түтін сорғыш, бактерицидтік шамдар, дайын биологиялық өнімді сақтауға арналған тоңазытқыш, сонымен қатар зертханалық жиһаз қойылған. Сырттай қарағанда зертхана көздің жауын алады. Ал мұндай таза әрі толық жабдықталған кешенді зертханада жұмыс істеу кез келген зерттеуші мен ғалымның арманы - дейді Айнаш Науанова.

Айына 5000 литр болып дайындалатын биологиялық сұйықтық түрлері қайда және неге жарамды деген сауал туындайтыны рас.

Ғалым Айнаш Науанова 2017 жылы өзінің ғылыми зерттеулері нәтижесін дүниежүзілік банк жариялаған грантқа ұсынғаннан кейін банк өкілдері ғылыми жобаны нәтижелі деп табады.


2019 жылы Қазақстанға Техастан келген коммерцияландыру жөніндегі сарапшы Эрик Азулай жобаны жоғары бағалаған еді. Ол жобаның ғылыми-коммерциялық әлеуетін ғана емес, оның ел үшін экологиялық пайдасын да атап өтті.

Осылайша зертхана жасақтауға қаражат бөлуге келгенде өнімді жүзеге асыратын жерді табу керегі алға тартылады.

Сонымен не керек, Айнаш Науанова елорда іргесіндегі құс фабрикаларын жағалайды. Барлық талапқа сай келетін және жер аумағы да, техникалық мүмкіндігі де бар «Ақмола-Феникс» АҚ оңтайлы деп табылып кәсіпорын басшылығымен келісім жасайды.

Осылайша, Ақмола облысының аумағында орналасқан «Ақмола-Феникс» АҚ құс фабрикасының аумағында 4,8 га қоқыс полигоны салынды.

Полигон аумағы арнайы ауылшаруашылық техникалары арқылы дайындалып, құс саңғырығы мен астық сабақтары (сабан) даярланады.

Осылайша құс саңғырығы Германиядан әкелінген BACKHUS A36 араластырып, ұсақтағыш техникасының күшімен арнайы зертханада дайындалған Agro-Mix, Compo-MIX және Agrarka биологиялық өнімдерін қосып өңдейді.

Техника арнайы жасақталған қатарлар жасап шығады. Сондай-ақ оны одан әрі жүзеге асыру мақсатында дайын органикалық тыңайтқыштарды буып-түюге арналған көлбеу таразы лентасына жіберіледі. Міне қазір Ақмола облысының құс фабрикаларында «Ақмола-Феникс» АҚ мен «KAZGER-ҚҰS» ЖШС, «ADMInvestment» ЖШС-де отандық биологиялық өнімді қолдана отырып, құс саңғырығын органикалық тыңайтқышқа айналдыру технологиясы толығымен енгізілген.


Бір айта кететін жағдай, осы уақытқа дейін құс фабрикаларынан шығарылған саңғырық көң, полигондарға төгіліп келген. Қазір де еліміз бойынша көп шаруашылық құс саңғырығын бұрынғы әдіс бойынша далаға төгіп жатыр. Бір өкініштісі қоқыс ретінде далаға төгілген сол үйінділер табиғи жолмен топыраққа айналуы өте ұзақ уақытты талап етсе, екінші, ауаға түрлі улы ғаз тарап, экологияға аса үлкен мөлшерде зардап келуде. Мұны ескеріп, елеп жатқан ешкім де жоқ бізде.

Мамандардың айтуынша, құс саңғырығынан дайындалған мол өнім, қара топырақ құрамында өсімдікке қажетті минералдар өте көп.

Тіпті мұндай топырақпен алқапты бір рет тыңайтқан шаруашылықтың өнім алу мүмкіндігі екі есеге дейін артады. Шамамен еліміздің орталық және солтүстік өңірінде бидай өсірумен айналысатын шаруашылық бұған дейін гектарына 12-14 центнер өнім алған болса, тыңайтылған топырақ себуден кейін әр гектарына 18-20 центнер өнім алуы ықтимал.

Мысал ретінде айта кететін болсақ, құс саңғырығын пайдаланып, химиялық тыңайтқыштан бас тарта бастаған Германия мен Канада елдерінің шаруашылықтарынан алынатын өнім көлемі біздегі ең мол өнім жинайтын шаруашылықтан екі не үш есе артық. Қарапайым ғана мысал ретінде айтатын болсақ, өзіміз күнделікті гүл өсіру үшін дүкендерде полиэтилен қалталарға салынған қарашірік топырақ түрлерінің құрамында құс саңғырығынан әзірленген өнім молынан кездеседі.

Сондықтан Отандық өнімдерімізді де дәл сондай қолжетімді деңгейге жеткізуіміз қажет дейді ғалым.

Айнаш Науанова «Мемлекеттік бюджетке қосқан үлесі» бойынша Қазақстан Республикасы кәсіпорындары арасында (Алтын) 6-орынға ие болғандығы туралы қуанышты хабарымен бөлісті.

«БИО-КАТУ» ЖШС 2019 жыл республикадағы ең жақсы салық төлеушілер рейтингінің лауреаты болып табылған. Биотехнология саласындағы зерттеулер мен эксперименттік әзірлемелер» зерттеу нәтижелері бойынша «БИО-КАТУ» ЖШС «Индустрия көшбасшысы-2020» мәртебесіне орынға ие болды.

Демек, ғылыми жобаларды комерцияландыру арқылы мол қаражат тауып қана қоймай, мемлекет пайдасына да қомақты үлес қосуға мүмкіндік мол деген сөз.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы