Құрық ауылында «Worldskills Aktau-2021» аудандық чемпионаты өтті
Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Дәстүрлі сайыс биыл Қарақия аудандық кәсіптік колледжінде ұйымдастырылды.
Аталған чемпионатқа 19 мамандық түрі бойынша жергілікті арнаулы орта оқу орнында білім алып жатқан 80 студент қатысып, бағын сынады.
Биылғы ережеге сәйкес сайысқа қатысушы жастар дәстүрлі кондитерлік іс, киім үлгілерін әзірлеуден басқа жеңіл машинаға техникалық қызмет көрсету және темір бұйымдарды дәнекерлеу шеберлігі сынды қазіргі уақытта қажетті мамандықтар бойынша өз шеберлігін байқатты.
Әр студентке жеке-дара тапсырма беріліп, қазылар алқасы оның қаншалық сапалы әрі тез орындалуын бағамдады.
Қарақия аудандық кәсіптік білім беру колледжінің студенттері жұмысшы мамандықтары бойынша өтетін «Worldskills Kazakhstan» республикалық чемпионатына соңғы бес жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Өңірлік кезеңнен сүрінбей өткен жастарымыз келесі додада өлке намысын абыроймен қорғап жүр. Жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, алдыңғы қатардан көрініп жүрген студенттеріміздің саны жыл санап көбейіп келеді, - деді аталған колледж директоры Далабай Бекмағамбетов.
Айта кету керек, жұмысшы мамандықтары бойынша білім алушы жастардың кәсіптік шеберлігін арттыру сайысына осы жолы Құрық мектеп-гимназиясының оқушылар қатысып көрді. Үздік танылған балалар облыстық кезеңге жолдама берілді.