Курс сатып байығандарға көбірек салық қажет – депутат
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров инфлюенсерлердің салық төлеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда соңғы жылдары инфлюенсерлер мен коучтердің жаңа тобы қалыптасып, олардың әлеуметтік желідегі белсенділігі артып келеді. Алайда олардың заңсыз әрекеттері, салық төлеу міндеттері және қоғамға ықпалы жөнінде маңызды сұрақтар туындап отыр. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров осы мәселеге қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдап, бірқатар ұсынысын ортаға салды.
Заңсыз лотереялар мен "гивтер" қоғамға қауіп төндіреді
Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде заңсыз лотереялар ұйымдастыру фактілері көбейіп кеткен. Кейбір инфлюенсерлер билеттер мен түбіртектер сатып, туристік жолдамалар, тұрмыстық техника, жылжымайтын мүлік пен көліктердің ұтысын ұйымдастыру арқылы заңсыз ойындар өткізіп жүр. Халық арасында "гив" деп аталатын бұл науқандар заңға қайшы.
Өткен жылы заңсыз лотерея ұйымдастыру және құнды сыйлықтар ойнату бойынша 106 құқықбұзушылық анықталды. Құқықбұзушыларға 46 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бірақ заңсыз лотереялық белсенділік әлі де жоғары деңгейде қалып отыр, - деді Ерлан Саиров.
Инфлюенсерлер салық төлеуге тиіс
Депутат инфлюенсерлердің табыс табу жолдарын да сынға алды. Кейбірі әлеуметтік желіде сән-салтанатты өмір салтын насихаттап, қоғамға оңай жолмен бай болу идеясын таратып жүр. Сонымен қатар, олардың көпшілігі мемлекетке салық төлемейді.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде бұл тұлғалардың салықтық міндеттемелеріне қатысты заңды сұрақтар туындап отыр. Салықты бәрі төлеуі керек. "Заң қатал, бірақ бұл – заң" қағидасы барлық азаматтарға ортақ! - деді депутат.
Оның айтуынша, АҚШ, Ұлыбритания және Қытайда контент авторлары өз қызметінен түскен табыстан міндетті түрде салық төлейді. Бұл елдерде салық мөлшерлемесі прогрессивті болып есептеледі және 40%-ға дейін жетуі мүмкін. Қазақстан да осы бағытта нақты қадамдар жасауы тиіс.
"Онлайн платформалар туралы" заң талаптарын орындау керек
Белгілі болғандай, "Онлайн платформалар туралы" заңға сәйкес, табыс табатын инфлюенсерлер кәсіпкер ретінде тіркелуге, жарнамаларын сәйкестендіріп, белгілеуге міндетті.
Осыған байланысты, депутат Ерлан Саиров Үкіметке мынадай ұсыныстарын жеткізді:
1. Блогерлер арасында ҚР заңнамасын сақтау қажеттілігі бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру;
2. Инфлюенсерлердің табысын кәсіпкерлік қызметке жатқызудың нақты критерийлерін әзірлеу, бұл түсініксіздік пен субъективті түсіндірулерді болдырмауға мүмкіндік береді;
3. Әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындарын өткізуге жол бермеу үшін бақылауды күшейту.
Депутаттың пікірінше, инфлюенсерлер қоғамның алдыңғы қатарлы, интеллектуалды бөлігі ретінде өз беделі мен таланты арқылы өзгелерге үлгі болуы тиіс. Олардың қаржылық жауапкершілігі қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікке ықпал етеді.