Күрішбаев Үкіметтің депутаттық сауалдарға берген жауабын сынға алды
Сенатор Ақылбек Күрішбаев Үкіметтің депутаттық сауалдарға берген жауаптарын сынға алды, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, 2 жыл ішінде ол Үкіметке 17 депутаттық сауал дайындаған, бірақ, өкінішке қарай, оларда көтерілген көптеген сұраққа толыққанды немесе мүлде жауап алмаған.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында мемлекеттің дамуының негізгі формуласын атап өтті. Ол: «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет, - деп атап өтті Ақылбек Күрішбаев.
Атап айтқанда, сенатор жақында Қостанай облысында болған өртті мысалға келтірді. Өткен жылы Үкіметке орман алқаптарын қорғау саласындағы жүйелі проблемалар, оны ерте анықтау үшін өртке қарсы күрестің қазіргі заманғы ақпараттық жүйесінің жоқтығы және орманшылардың жалақысының төмендігі туралы депутаттық сауал жолданған. Алайда Үкімет тарабы тағы да жалпылама жауаппен құтылған.
Сонымен қатар Ақылбек Күрішбаев екі жыл бұрынғы азық-түлік бағасының өсуіне, сондай-ақ жоғары оқу орындарын басқару жүйесін демократияландыру, бюджетті бөлу және отандық селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі университеттер ғылыми кеңестерінің өкілеттіктерін кеңейту туралы ұсыныстары бар депутаттық сауалдар жолдағанын еске салды.
Осыдан тура екі жыл бұрын біз «сауда объектілерін қаржыландырудың айналым схемасын» қайта қарау қажеттілігін айттық, себебі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаны реттеу үшін оның тиімділігі төмен. Алайда осы ұсынысымызды қарау үшін, 2 жыл уақыт және жаңа сауда министрінің келуі қажет болған сияқты. Ақырында жаңа министріміз сауда объектілерін қаржыландырудың осы айналым жүйесін өзгерту керектігін мойындап отыр, - деді сенатор.
Осыған байланысты парламентарий депутаттық сауалдарды мұқият қарау қажеттігі туралы және Сенат депутаттарының мемлекеттік органдармен тікелей диалогқа дайындығы туралы мәлімдеді.