Күрішбаев: Қазіргі заманның Сәтбаевтары мен Марғұландары қайда
Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев отандық ғылымның жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ғалымның айтуынша, осы уақытқа дейін мемлекеттік органдардың жұмысының негізгі қағидаты – жылдам жеңістерге және жоғары жаққа табысты есеп беру үшін тез нәтижелерге қол жеткізу болды. Ал мемлекеттің басты басымдықтарынан тысқары қалған отандық ғылым мұндай жағдайда, әрине, тиісті түрде дами алмады.
Қоғамда қазіргі заманның Сәтбаевтары, Есеновтары, Марғұландары қайда? деген сауал туындауда. Егер қажетті технологияларды шет елден сатып аламыз деп, жылдар бойы өзіміздің ғалымдарымызды мойындамасақ, егер бізде ғылыми зерттеулерді қаржыландыру дамыған елдерге қарағанда 10, 20 және 30 есе аз болса, олар қайдан пайда болмақ?! – дейді ол.
Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, соңғы уақытта ғана ғалымдарға тиісті назар аударыла бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың белсенді ұстанымының арқасында елімізде ғылым мен білім беруді дамытуға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетілуде.
Бұл ретте Ұлттық ғылым академиясына ерекше рөл беріледі. Ол ғалымдардың үстінен қарайтын, тағы бір әкімшілікке айналмауы керек. Оның өзіндік бірегей миссиясы мен пайымы бар: тәуелсіз ұсыныстарын беретін автономды, беделді сараптамалық ғылыми ұйым болуға ұмтылу және ғылымды басқару саласында жіберілген жүйелік олқылықтардың орнын толтыру, - дейді ғалым.
Осылайша Академия өңірлік университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарды жан-жақты қолдайтын болады, қажет болған жағдайда Академияның мүшелері мен шетелдік серіктестерді тарта отырып, өңірлер үшін ғылыми зерттеулерді дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі.
Бұл жұмысты өңірлік университеттер базасында облыс әкімінің орынбасарының басшылығымен Ғылым және технологиялық даму жөніндегі Кеңесті құрудан бастауды ұсынамыз. Өңірде ғылымды дамыту жөніндегі жұмыс көрсеткіштерін әкімдердің рейтингіне қосу қажет. Бұл жобаны өзара іс-қимылға дайын әкімдермен, 2-3 облыс мысалында пилоттық режимде бастауды ұсынынамыз, - деп пікір айтты Академия президенті.
Академияның бұл «Өңірлік ғылым өңірлер үшін» атты бастамасы – мен осыған дейін айтқан ғылым саласындағы прагматикалық тәсілдің мысалы.
Бұл ғылыми, ғылыми-техникалық саясаттағы жүйелі «олқылықтың» орнын толтырып, ғылымды практикаға және нақты өндіріске жақындатып, осылайша елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайта отырып, өңірлердің әлеуметтік және экономикалық дамуына мүмкіндік береді.