Күрішбаев директорлар кеңесінің төрағасы болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің директорлар кеңесінің кеңейтілген отырысы онлайн форматта өтті.
Отырыс барысында университеттің директорлар кеңесінің төрағасын сайлау мәселесі басты сұрақ ретінде қаралды. ҚазАТУ директорлар кеңесінің жеті бірдей мүшесі А.Күрішбаевтың кандидатурасын бір ауыздан мақұлдап, дауыс берді.
Осылайша ҚазАТУ директорлар кеңесінің төрағасы болып ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев бірауыздан тағайындалды.
Директорлар кеңесінің мүшелері жаңадан сайланған кеңес төрағасын құттықтап, сәттілік тіледі. Сөз алған кеңес мүшесі И.А.Сауэр Ақылбек Қажығұлұлының университет басшылығымен бірлікте жүргізілетін алдағы жұмыстардың барлығына сәттілік тілеп, ыстық ықыласын жеткізді.
Онлайн отырыста келесі кезекте сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚазАТУ директорлар кеңесінің жаңа төрағасы Ақылбек Күрішбаев барша кеңес мүшесіне және И.А.Сауэрға алғысын білдірді. Ол өз сөзінде, универсиеттің сапалы білім мен тұрақты даму жоспары бұдан кейін де тек ілгерілеумен болатынын айтты. Білім ордасының тұрақты даму жоспары жаңаша бағытта шегенделіп, дамыған шет елдік білім ордаларымен байланыс нығая беретіндігін жеткізді.
Сондай-ақ отырыс барысында білім ордасының алға қойған жүйелі жұмысы жалғасын таба отырып қызмет бағыты жаңаша үлгіде өзгеретіні белгілі болды. Директорлар кеңесі, ең алдымен, қағазбастылықтан арылу жұмысына күш салып, адамдармен, қызметкерлермен тікелей жұмыс жасауға, университеттің ішкі аудит қызметінің күшеюіне, тұрақты даму бағдарламасын жетілдіріп университеттің қарыштап алға жылжуы жолында егжей-тегжейлі жұмыстар жасалатындығы нақтылады.
Айта кету керек А.Күрішбаев 2011 жылдың сәуір айынан бастап 2020 жылдың тамыз айына дейін ҚазАТУ ректоры болып қызмет атқарды. Қазіргі уақытта ҚР Парламенті Сенатының депутаты.
Естеріңізге сала кетейік, директорлар кеңесі мен кеңес төрағасы лауазымы қоғамдық жұмыс ретінде қарастырылған. Бұл қызмет үшін мемлекеттен де мекемеден де жалақы тағайындалмайды.