Күріш өндіру көлемі 15 мың тоннаға артты – Қызылорда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аймақта 2,3 млрд текше метрді құрайтын 6 су қоймасын салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова биыл өңір шаруаларына пандемиямен қатар су тапшылығы да қиындық тудырғанын айтады. Диқандарға, әсіресе, Сырдариядан келетін су жетіспеушілігі біраз кедергілер келтірген. Соған қарамастан өңірде күріш өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 15 мың тоннаға жоғары болған.
Бұл ретте өңір басшысы гектарына 61,8 центнер өнім алынып, қамбаға 550 мың тоннадан астам күріш құйылғанын ауыз толтыра жеткізді.
Суға байланысты өзекті мәселелерді шешу үшін көлемі 2,3 млрд текше метрді құрайтын 6 су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Қызылорда және Әйтек су тораптарын қайта жаңғырту, Жиделі су қоймасын жөндеу, Жалағаш ауданындағы ирригациялық дренаж жүйесін жетілдіру бойынша ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру қолға алынды, - деді облыс басшысы.
Сонымен қатар болашақта мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында 143 мың гектар аумақтағы алқаптың ирригациялық және дренаждық жүйесін, 29 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға енгізу жобалары іске асырылады.
Бұған қоса 2021 жылы Қазалы ауданында 87 гектар жүгері егіліп, оны жаңбырлатып суару тәсілімен өсіру жоспарланған. Сондай-ақ Жаңақорған ауданында 3 мың гектар қызанақ егіліп, одан арнайы паста әзірлейтін кәсіпорын ашылмақ. Мұның барлығы ауыл шаруашылығы саласының дамуына әсер етері сөзсіз.