Күріш егу қауіпті: Қуаңшылық бүкіл Қазақстанды қамтуы мүмкін

Қызылорда мен Маңғыстау облыстарын қуаңшылық жайлады. Енді Түркістан облысы шаруалары дабыл қағып жатыр. Мәселе шешілмесе, экологтар қуаңшылық елдің оңтүстік-батыс аймақтарын ғана емес, бүкіл Қазақстанды қамтитынын айтады. Бұл өз кезегінде аштық пен ауызсу тапшылығына әкелуі мүмкін. Басталып жатқан экологиялық апаттың өзегі неде, шешімі қандай және дақыл өсірумен жан бағып отырған шаруалардың жағдайы не болмақ? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында су ресурстарын басқару бойынша тәуелсіз сарапшы, эколог Болат Есекин тарқатып берді.

– Қызылорда мен Маңғыстау өңірлеріндегі қуаңшылық неден туып отыр?

– Бұл, ең алдымен, климаттың өзгеруі мен су айналымының бұзылуына байланысты. Өткен жылы желтоқсанда Сауд Арабиясында Президент Тоқаев пен Президент Макронның бастамасымен Жаһандық су саммиті өтті. Сол жерде қуаңшылық пен су тасқындарының негізгі себептері ретінде мемлекеттер, бизнес және қазіргі бағдарламалар табиғи су айналымына – булану, жауын-шашын, топырақтағы ылғалды сақтау, өзен-көлдер мен жерасты су көздерін, мұздықтарды қалпына келтіруге кедергі келтіріп жатқаны айтылды.

Бұл бұзылулардың себебі – өнімділікті арттыруға бағытталған саясат: жер жырту, су қоймалары мен бөгеттердің салынуы. Орман мен өсімдіктердің азаюы да бұл процестің бір бөлігі. Соның салдарынан топырақ ылғалды ұстай алмайды. Су жерге сіңбей, бетімен ағып кетіп, буланып, еш пайда әкелмейді. Нәтижесінде топырақ кеуіп, қуаңшылық басталады.

Бұл процестердің барлығы – адам әрекетінің нәтижесі. Өзіміз осы өзгерістерді тездетіп жатырмыз. Сондықтан қазіргі бағдарламаларды өзгерту қажет. Жаңа тәсіл – топырақты, өсімдіктерді қалпына келтіру, өзен ағысын бұзатын жаңа бөгеттердің құрылысына тыйым салу. Бөгеттер тірі ағзадағы тромб сияқты – өзендердің табиғи ағымына кедергі келтіреді, топырақтың кебуіне, көктемгі тасқындар мен жазғы қуаңшылықтарға әкеледі. Егер біз саясатты өзгертпесек, жағдай ушыға береді.

Қазір ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару, орман және экожүйелерді қалпына келтіру салаларындағы бағдарламалар бір-бірінен бөлек жұмыс істейді. Бұл кешенді мәселені шешпейді. Сондықтан жаһандық саммитте айтылған ұсыныстарға сүйеніп, су мен жер ресурстарына деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертуіміз керек.

– Сіз жауабыңызда топырақ суды ұстамайтынын айттыңыз. Бұл фермерлік шаруашылықтардың жұмысымен байланысты ма?

– Әрине, тікелей байланысты. Фермерлер мен шаруа қожалықтары мүмкіндігінше жоғары өнім алуға тырысады. Олар егістікті көп мөлшерде суарып, тыңайтқыштар мен химикаттар қолданады. Бірақ сонымен бірге топырақтың ылғалды сақтау қабілеті жоғалатынын ескермейді. Құнарлы топырақ губка сияқты суды сіңіріп, ұзақ уақыт сақтай алады.

Бүкіләлемдік азық-түлік ұйымының саммитінде Африкадағы бір өңірде қолданылып жатқан технология ұсынылды. Бұл әдіс топырақтың қасиетін қалпына келтіріп, жауын-шашынды сіңіруге мүмкіндік береді – яғни топырақ құрғап кетпей, ылғалдылығын сақтап тұрады.

Бұл – өте арзан, кез келген фермерге қолжетімді әдіс, үлкен инвестицияны да, күрделі техника мен қондырғыларды да қажет етпейді. Ресейде оны Потапенко-Лукин әдісі деп атайды: топыраққа кішігірім ойықтар жасалады, солар арқылы су ұсталып, топырақ қайта қалпына келеді. Бұл әсіресе өзендер мен жерасты сулары тартылып жатқан кезде өте маңызды. Яғни жаңбыр суын сақтау – ең негізгі қажеттілік.

Қазір әлемде “суды өзендерге қайтару”, “топырақ пен су ағыстарын қалпына келтіру” бағытында халықаралық қозғалыстар бар. Мұның бәрі – қуаңшылықпен күрестің басты шешімдері. Фермерлерді оқытып, тренингтер өткізу, осы әдістерді көрсетіп, үйрету өте маңызды. Топырақтың ылғалды сақтай білуі – қуаңшылыққа қарсы ең тиімді жауап. Бұл тек өнімділікті арттырып қана қоймай, су тасқыны кезінде де елдімекендерді қорғай алады: су жай ағып кетпей, топырақта сақталады.

– Қызылорда мен Маңғыстауда жағдай өте ауыр. Сарапшылар Түркістан облысы да дәл осындай тағдырға тап болуы мүмкін дейді. Солай ма?

– Иә, бұл – рас. Қуаңшылық тек оңтүстік-батыс аймақтарды ғана емес, бүкіл Қазақстанды қамти бастайды. Қазақстан – климаттық өзгерістерге өте осал елдердің бірі. Өйткені бізде климат аридты, яғни құрғақ, ал экожүйелер өте сезімтал. Температура тез өсіп жатыр. Бұл топырақтың тез кебуіне алып келеді.

Бұл құбылыс бүкіл елде күшейе береді. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігіне де, су қауіпсіздігіне де үлкен соққы. Бірақ оған қазіргі қолға алынып жатқан шаралармен қарсы тұру мүмкін емес. Мысалы, басқа жақтан су іздеп, басқа су көздерінен құбырлар тарту арқылы бұл мәселені шеше алмаймыз.

Нағыз шешім – табиғаттың өзін қалпына келтіру. Топырақтың қасиеттерін, өзендер мен жерасты суларын, мұздықтарды қалпына келтіру керек. Бірақ бұл бағытта нақты жұмыс істеп жатқан ешкім жоқ. Себебі бұл бір ғана министрліктің құзырындағы дүние емес. Экология министрлігі тек судың ластануымен айналысады, су шаруашылығы мамандары суды үнемдеуге тырысады, ал ауыл шаруашылығы өнім көлемін арттыруды көздейді. Бірақ ешкім су айналымын қалпына келтіруге көңіл бөлмейді.

Шын мәнінде, бұл тек өзендерге ғана қатысты емес. Мұнда топырақ, ормандар, мұздықтар – яғни бүкіл су жинайтын аумақтар кіреді. Сондықтан қазіргі тар ведомстволық көзқарастың орнына бассейндiк басқару тәсiлiне көшу керек.

Бассейндiк тәсіл – бұл барлық су жинау аумағының жағдайын тұтастай қарап, соған сай шешім қабылдау деген сөз. Мысалы, Арал бассейні, Балқаш бассейні немесе Каспий бассейні – әрқайсысы жеке қарастырылуы тиіс.

Жуырда жүргізілген зерттеулерге сәйкес, Солтүстік Каспий толығымен жойылып кетуі мүмкін. Бұл жағдайда Маңғыстау, оның ішінде Ақтау қаласы да, су тапшылығынан зардап шегеді.

– Онда күріш егу сияқты суды қажет ететін дақылдардан бас тартып, оны сырттан сатып алған дұрыс па?

– Иә, бұл – қажет шешім. Қазір бұл тіпті талқыланбайтын дүние. Көптеген адамдар күріш егістігін бизнес көзі ретінде сақтап қалғысы келеді. Бірақ су барған сайын азайып барады. Тіпті көршілес елдерден келетін судың көлемі де қысқарып жатыр. Мысалы, Өзбекстанда да су тұтыну артқан, олар да су қоймалары мен бөгеттер салып жатыр. Дәл сондай жағдай Тәжікстан мен Қырғызстанда да бар.

Барлық мемлекеттер суды өз аумағында ұстап қалуға тырысады. Бұл, ең алдымен, Қазақстанға зиян. Себебі біз төменгі жақтамыз. Сол сияқты Ресейде де жағдай қиын. Жайық өзені Каспийдің негізгі су көзі болған, ал қазір ол да тартылып бара жатыр. Мұның себебі – климаттың жылынуы, мұздықтардың еруі және Ресейдегі судың көптеп алынуы.

Бұл бізге үлкен қауіп төндіреді. Жайық өзені қазір дерлік жойылып кетті. Қазақстан мен Ресей арасында арнайы мемлекеттік комиссия құрылды, бірақ ол тек дәстүрлі кездесу деңгейінде шектеліп отыр. Бұл кездесулер жағдайды жақсартуға әсер етпейді. Жайықта балықтар қырылып жатыр, балық зауыттары тоқтап тұр, вирустар пайда болуда. Бұл өңір – ең қатты зардап шегетін аймақтардың бірі. Бұл жағдай қуаңшылыққа, азық-түлік тапшылығына, жұмыссыздыққа, ауыз су жетіспеушілігіне әкеледі. Сондықтан еліміздің су, жер және экологиялық саясатын түбегейлі қайта қарау қажет. Олар бірлесе жұмыс істеуі тиіс.

– Сонда бұл салалар бірігіп жұмыс істемесе және жаңа шешімдер қабылдамаса, біз экологиялық апатқа тап боламыз ба?

– Ол апат қазірдің өзінде басталып кетті. Мысалы, Африкада 80 миллион адам аштыққа ұшырау қаупінде отыр. Өйткені олар қуаңшылық пен жоғары температура салдарынан өнім ала алмады.

Бұл – қақтығыстар, кедейлік, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ. Дәл осындай жағдай Орталық Азияда да болуы мүмкін. Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстанда температура көтеріле бастады. Қазақстанның оңтүстігінде де солай. Ал біз бұл өзгерістерге дайын емеспіз. Сондықтан тәсілді түбегейлі өзгерту керек. Суды өте көп қажет ететін дақылдардан толық бас тарту қажет. Мысалы, 1 келі күрішті өсіру үшін 4–5 тонна су кетеді. Бұл Арал маңы үшін өте қауіпті.

– Бірақ фермерлер де отбасын асырап отыр ғой. Оларды бұған қалай дайындау керек?

– Иә, әрине, фермерлер – отбасының асыраушысы. Бірақ олар үкіметтің іс-әрекетіне тәуелді. Қазір олардың қолынан келетіні – өз жерлерінде суды сақтау технологияларын қолдану. Қазір жауын жауса, су жай ағып кетіп, топыраққа сіңбей жоғалады. Фермерлер оны сақтауды үйренуі керек.

Бірақ негізгі жауапкершілік үкіметте. Өйткені, бұл – тек ауыл шаруашылығы мәселесі емес, сонымен қатар шекаралас елдермен – Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанмен жасалатын келісімдерге де байланысты. Бұл – фермерлер шеше алмайтын деңгейдегі сұрақтар. Олар үкімет деңгейінде шешілуі керек.

Қазіргі таңда бұл елдер арасында тиімді ынтымақтастықтың нақты, жүйелі тетіктері жоқ. Біз көбінесе бір реттік келіссөздерге, кездесулерге үміт артамыз. Бірақ бұл жеткіліксіз.

– Сонда Үкімет қандай балама шешімдер қабылдауы керек?

– Әлемде жақсы тәжірибелер өте көп. Қазіргі таңда 500-ден астам трансшекаралық су бассейндері бар, олар бірнеше елдің аумағынан өтеді. Осы бассейндерде елдер бір-бірімен келісімге келіп, суды қалай бірге пайдаланамыз деген сұрақты бірігіп шешіп жатыр. Яғни әркім өз аумағындағы суды өзіне алып, көршіден сұрап немесе суды беру үшін ақша төлеп отырған жоқ. Оның орнына бірлескен басқару жүйесі енгізілген. Мысалы, арнайы басқару органы құрылып, бүкіл бассейнді, яғни өзен, су қоймалары, бөгеттер, ГЭС бәрін басқарады. Бұл орган суды қалай тиімді пайдалануға болатынын кешенді түрде қарап, барлық тараптар үшін әділ шешім қабылдайды.

Қазақстан Президенті Тоқаев та осындай су-энергетикалық консорциум құруды ұсынған. Бұл консорциум – біртұтас басқарушы орган ретінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстандағы суды бірге басқарып, қай жерде суды қалай пайдалануға болатынын анықтап, барлық елге әділ түрде пайда мен тәуекелді бөліп береді.

Қазір бізде, өкінішке қарай, салалық басқару басым. Су, экология, орман, ауыл шаруашылығы бәрі бөлек-бөлек әрекет етеді. Ал шын мәнінде, бұл мәселе кешенді түрде шешілуі керек. Сол үшін бассейндік басқару кеңесі құрылуы тиіс. Онда барлық тараптар, мемлекеттік органдар, фермерлер, ғалымдар, экобелсенділер, бірге отырып, шешім қабылдайтын болады.

Қазақстанның Су кодексінде осындай бассейндік кеңестер туралы жазылған, бірақ өкінішке қарай, оларда нақты өкілеттік жоқ. Қазіргі таңда олар – тек бақылаушы деңгейінде ғана. Сондықтан біздің Су кодексіне өзгерістер енгізіп, бассейндік басқару тәсілін нақты өкілеттікпен қамтамасыз ету қажет. Әлемде мұндай басқару жүйелері Австралия, Канада, Еуропа елдерінде сәтті жұмыс істеп жатыр. Бізге де сол жолмен жүру керек.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы