Күрделі нейрохирургиялық оталар қалай жасалады?

Елдегі жетекші медициналық мекемелердің үздігі саналатын Ұлттық нейрохирургия орталығында бір жылда 500 жүзге жуық ота жасалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Орталықта жоғары технологиялық оталар қалай жасалады? Ел азаматтарына ота тегін бе? Оған қалай қол жеткізуге болады? Осы және өзге де сұрақтарға жауапты орталыққа жасалған баспасөз туры барысында іздеп көрдік.

15 жылда – 40 мыңнан астам ота

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен Ұлттық нейрохирургия орталығы бірлесіп ұйымдастырған баспасөз турында БАҚ өкілдері қабылдау бөлімшесі, радиология және радиохирургия бөлімшелерінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ Гамма-пышақ аппаратының жұмыс принципін көрді.

Биыл жыл басынан бері Ұлттық нейрохирургия орталығында МӘМС бойынша 1 805 пациент тегін емделген. Атап айтқанда, оның 320-сы – ЖТМҚ қолданса, ТМККК бойынша – 363 ота жасалған. Ал 54-і ЖТМҚ қолдану арқылы емделген.

Дәрігерлер көбінесе ми тамырларының, омыртқалардың ауруларын, стереотактикалық жүйені қолдана отырып, мидың нейростимуляторын имплантациялау, Паркинсон ауруы, эпилепсия сынды аурулардан емдейміз деп отыр.

15 жылдың ішінде Ұлттық нейрохирургия орталығында 60 мыңнан астам пациент дерттеріне ем тапты. Соның ішінде 40 мыңнан астам ота жасалды. Былтырдың өзінде орталығымызда МӘМС бойынша 4 мыңнан астам пациент емделген. Олардың 15 пайыз жағдайында отаны жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдана отырып жасаған, - деп түсіндірді Ұлттық нейрохирургия орталығының медициналық директоры Асылбек Қалиев.

Қазақстанда алғаш рет нейрохирургияның түбегейлі жаңа бағыттары — микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық және функционалдық нейрохирургия енгізілді.

Жоғары технологиялық оталар – медициналық сақтандырылғандарға тегін

Бір қуаныштысы, шалғай аймақтың тұрғындары да республикалық деңгейдегі барлық медициналық ұйымдардың бәрінде емделуге мүмкіндігі бар. Ол үшін бекітілген жер бойынша емханаға жүгінсе жеткілікті. Қажетті тексерулер жүргізілгеннен кейін пациенттер «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына есепке тұрады.

Мәселен, 2022 жылы еліміздің тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларында 452,5 млрд теңге сомасына шамамен 1,9 млн адам емделген. Оның ішінде МӘМС бойынша – 1,5 млн жағдай тіркелді. 2023 жылдың 1 тоқсанында 480 мың пациент көмек алды, оның ішінде 385 мың пациент – МӘМС бойынша. Былтыр 21 мыңнан астам азаматқа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді. Олардың 20 мыңға жуығы МӘМС бойынша емделді. 2023 жылдың бірінші кварталында ЖТМҚ қолдана отырып, 16,4 мың пациентке, оның ішінде 14 мыңға жуық адамға МӘМС аясында ем жүргізілді, – деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Заңды және жеке тұлғалармен жұмыс департаментінің директоры Забира Оразалиева.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында атап өтілгендей, өткен жылы қор мамандандырылған медициналық көмекті төлеуге шамамен 432 млрд теңге бөлді, оның ішінде МӘМС жүйесінде бөлінген қаражат - 344 млрд теңге. Жоғары технологиялық медициналық көмекті төлеуге шамамен 67,8 млрд теңге бағытталды, оның ішінде МӘМС бойынша - 55,6 млрд теңге.

2023 жылдың 1 тоқсанында ЖТМҚ шамамен 15,7 млрд теңге сомасына қаржыландырылды, ал мамандандырылған медициналық көмек – 123 млрд теңгеден асады. Қызметтердің басым бөлігі МӘМС арқылы көрсетілгені белгілі болды.

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Ақжігіт ауылында тұрамын. Жасым 43-те. Омыртқамда қатерсіз ісік анықталды. Ұлттық нейрохирургия орталығына алғаш рет 2022 жылы қыркүйек айында келдім. Дәрігерім квота арқылы осында жіберді. Дәрігер Жандос Мұхтарұлы ем жүргізді. Ол кісінің емі қабыл болып, ота сәтті өтті. Электрондық пошта арқылы үнемі байланысып, хабар алып тұрды. «Бес айдан соң МРТ-ға түсесіз, тағы қайталанады» деп ескертті. Квотамды мамыр айына белгіледі. Екінші отадан бірінші Алланың, екінші дәрігерлердің арқасында аман шықтым. Орталықтың дәрігерлерінің бәрі білікті, - дейді Кәмшат Компиева.

Орталық Азиядағы жалғыз гамма-пышақ

Құрылғанына 15 жыл болған біздің орталық елімізде арнайы нейрохирургиялық көмек көрсететін орталық болып саналады. Сол 15 жылдың ішінде жетпістен астам жаңа инновациялық технологиялар енгізілді. Ол технологиялар бұрын-соңды Қазақстанда болмаған. Орталық ашылғанға дейін науқастар шетелге барып емделуге мәжбүр еді. Қазіргі кезде ең жаңа инновациялық технология – бізде қолжетімді. Соның ішінде Гамма-пышақ технологиясы бойынша оталарды жүргізудің тиімділігін атап өткім келеді. Құрылғы ісіктерді, тамырлы және функционалды ми ауруларын трепанациясыз және наркозсыз емдеуге мүмкіндік береді. Медициналық көмектің бұл түрі 2021 жылы МӘМС бойынша көрсетілетін қызметтер тізіміне енген болатын. Өткен жылы біз осындай 460 ота жасадық, - деп түсіндірді Асылбек Қалиев.

Айта кетерлігі, гамма-пышақ 2021 жылдың маусым айында Стереотаксиялық радиохирургияға арналған заманауи кешен ретінде іске қосылды.

Гамма пышақ – бұл ісіктерді, тамырлы және функционалды ми ауруларын емдеуге арналған радиохирургиялық қондырғы. Жұмыс принципі-192 кобальт-60 көздерінен радиоактивті сәулелену қолданылады.

Ерекшелігі – оның сәулелері патологиялық фокус аймағында жиналады. Олар ісік жасушаларының ДНҚ-сын бұзады. Бұл жағдайда мидың сау тіндері және науқастың бүкіл денесі сәулеленбейді. 

Операцияның өзі ауыртпалықсыз өтеді, бассүйек трепанациясын қажет етпейді. Операция бір реттік, яғни сәулелік терапия сияқты бірнеше сатыда жүргізудің қажеті жоқ. Сондықтан бүгінгі таңда Гамма-пышақ радиохирургиялық емдеудің «алтын стандарты». Бүгінгі таңда 925 клиникалық жағдайда ем көрсетілді.

Ұлттық нейрохирургия орталығы 2022 жылы 2 млрд теңгеден астам сомаға және 2023 жылдың 1 тоқсанында 700 млн теңгеден астам сомаға қызмет көрсеткен. Онда жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолданылған. Пациенттердің көпшілігі МӘМС аясында қабылданды.

Шетелден науқастар келіп емделеді

Ұлттық нейрохирургия орталығына Қазақстаннан ғана емес, шетелден де науқастар емделуге келеді. Себебі орталықтың жұмысындағы тағы бір үлкен бағыт – омыртқа мен жұлын ауруларын хирургиялық емдеу.

Орталығымызға шетелден де пациенттер келіп емделеді. Мысалы, жуырда Ұлыбритания азаматы емге келді. Омыртқа жарығы мазалаған науқас өз елінде емделуге мүмкіндігі болмаған. Өз елінде ем үшін бірнеше ай, тіпті жарты жыл күтесіз депті. Оның үстіне, ота құны да жоғары. Қазақстандағы танысы осында келуге ұсыныс жасапты. Емделіп, отасы сәтті жасалып, ауруынан айықты, - дейді Ұлттық нейрохирургия орталығының медициналық директоры Асылбек Қалиев.

Ұлыбританиядан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Орта Азия елдерінен де науқастар келеді дейді дәрігерлер.

 

Ескерерлігі, бейрезиденттер үшін ота әрине, ақылы. Ол отаның түріне байланысты. Мәселен, Гамма-нож отасының құны 1,5 млн теңгеден жоғары.

Айта кетерлігі, жоғары технологиялық емдеуге қаражатты Денсаулық сақтау министрлігі республикалық бюджет қаражаты есебінен бөледі. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржыландырылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы